Accessibility links

HRW Қазақстан билігін әйелдер шеруіне рұқсат беруге шақырды


Әйелдер шеруі. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Әйелдер шеруі. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруге шақырды. "Алматы қаласы билігінің 2022 жылы 8 наурызда әйелдер құқығына арналған шеру өткізуге рұқсат бермеуі биліктің әйелдер құқығы мәселесіне, оның арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық та бар, жүрдім-бардым қарайтынын айғақтайды" делінген ұйымның 10 желтоқсан күнгі хабарламасында.

Өткен айда "ҚазФем", "Феминита", "ФемПоинт", "Свет" және "ФемАгора" топ өкілдерінен құралған белсенділер әкімдіктен 2022 жылы 8 наурызда бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұраған.

Әкімдік 8 наурызда Уәлиханов алаңы мен Шевченко көшелері бойында таңертеңгі сағат 9-дан бастап кешкі 8-ге дейін қоғамдық-мәдени шаралар өтетінін алға тартып, әйелдер шеруіне рұқсат бермеген. Бірақ ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, әкімдік белсенділер өтініш бергенге дейін 8 наурызда қандай да бір шаралар өтетінін еш жерде хабарламаған.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған құқық қорғау ұйымы мәлімдемесінде "Қазақстан билігі бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеп, белсенділер мен құқық қорғаушыларға Халықаралық әйелдер күні тұрмыстық зорлық-зомбылық, күш қолдану мәселелерін айтып, теңдікті талап етуіне мүмкіндік беруі тиіс" деп жазған.

HRW мәлімдемесінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі көп екенін алға тартқан. Құқық қорғаушылар дерегінше, жыл сайын жүздеген әйел күйеуі, жігіті немесе отбасындағы өзге адамдардың озбырлығынан жан сауғалап, аймақтағы санаулы дағдарыс орталықтарын паналайды. Мұндай орталықтардың кейбірі үкіметке қарайды, кейбірін үкіметтік емес ұйымдар ашқан.

HRW өкілі Мира Ритман жуырда Еуропарламенттегі тыңдау кезінде де осы мәселені қозғаған. Ол Қазақстан үкіметі отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне қырын қарағандықтан елде әйелдер әділ сотқа қол жеткізе алмайтынын айтқан.

Биыл 8 наурызда Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, біржыныстылардың құқықтары қорғалмайтыны, әйелдердің білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Бұл шара әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Шеруден кейін оған қатысқан белсенділердің біріне қоқан-лоқы жасалған.

Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

Шоқан Уәлиханов алаңы – Алматыда митинг пен пикетке арналған санаулы орындардың бірі, ал Шевченко көшесіндегі Уәлиханов алаңы мен Ганди саябағының арасы қалада шеру өткізуге болатын жалғыз маршрут саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG