Accessibility links

Тәліптер Ауғанстандағы өзбектер мен түркімендердің жерін тартып алды ма?


Тәліптер билікті алғаннан кейінгі көрініс. Ауғанстан, 29 қараша 2021 жыл
Тәліптер билікті алғаннан кейінгі көрініс. Ауғанстан, 29 қараша 2021 жыл

"Талибанға" Ауғанстанның солтүстігіндегі Жауызжан провинциясында тұратын жүздеген өзбек және түркімен азаматын күштеп көшірді деген айып тағылды. Пана іздеуге мәжбүр болғандардың айтуынша, пуштундар тәліптердің көмегімен өзбектер мен түркімендерді үйлерінен қуып, жерлерін тартып алған.

Тәліптерге Ауғанстанның солтүстігінен мыңнан астам бейбіт тұрғынды күштеп көшірді деген айып тағылып отыр. Үйлерінен қуылған азаматтардың негізгі дені – өзбектер мен түркімендер.

Олардың Жауызжан провинциясындағы үйлері мен жерлерін тәліптердің көмегіне сүйенген көшпелі пуштундар тартып алған.

Тамызда Ауғанстан билігін қолына алған тәліптер осыған дейін елдің бес провинциясында тұратын жүздеген шиит хазарын үйлерінен қуып, жерлері мен фермаларын алып қойған.

Құқық қорғаушылар бейбіт халықты күштеп көшіру операциясын тәліптердің тартып алынған жерлерді өз жақтастарына таратып, бұрынғы ауған үкіметін қолдаған топтарды жазалау амалы деп бағалайды.

Aбдулла – Жауызжан провинциясының шалғайдағы Дарзаб ауданынан көшірілген тұрғындардың бірі.

Оның сөзінше, 27 қарашада тәліптер мен көшпелі пуштундар Жауызжандағы Дарзаб және Құш-Тепе аудандарында тұратын мыңнан астам өзбек пен түркіменді үйлерінен қуып шыққан.

Жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Абдулланың дерегінше, тәліптер үкіметінің билігі жергілікті халықтың жерін тартып алу фактілеріне қатысты зерттеу жүргізу үшін арнайы делегация жіберуге уәде берген. Бірақ 8 желтоқсандағы ақпаратқа сәйкес, делегация әлі келмеген.

"Жүздеген жылдан бері осында тұрып келеміз. Өз қолымызбен игеріп, маңдай терімізбен көгерткен жерлеріміз" дейді ол.

Саз кесектен өрілген үй жанында тұрған Бадахшан провинциясының тұрғыны. Ауғанстан 8 қазан 2012 жыл
Саз кесектен өрілген үй жанында тұрған Бадахшан провинциясының тұрғыны. Ауғанстан 8 қазан 2012 жыл

Құш-Тепе ауданында тұрған Файзулланың дерегінше, көшпелі пуштундар тәліптердің көмегімен 20,000 акрадан астам жерді тартып алған.

"Ешкім қарсылық таныта алмады. Дыбыс шығарсақ, өлтіріп тастар еді" дейді ол.

Көшпелі пуштундардың Жауызжандағы өкілі Гулам Сарвар Ализаи "Көбіне жердің кімге тиесілі екенін түсіну қиын, өйткені даулы жерлер мемлекет иелігіне кіреді" дейді. Ол көшпелі пуштундар жиырма жыл бойы қол жеткізе алмаған жайылым жерлерін қайтарғысы келетінін айтады.

"Кей [өзбек және түркімен] бауырларымыз жердің мемлекет иелігіне жататынын мойындап отыр. Бірақ олар сор топырақты құнарлы жерге айналдыру үшін көп тер төкті. Мәселені шешу үшін қос тараптан бес адамнан жинап, тайпалар кеңесін өткізу керек" деді ол.

Азаттық тілшісі тәліптерге хабарласып, бұл жағдайға қатысты пікір алмақ болды. Бірақ олар не телефон қоңырауына, не хабарламаларға жауап берген жоқ.

29 қарашада тәліптердің өкілі Біләл Кәрими ВВС-ге берген пікірінде Жауызжанда күштеп көшіру операциясы жүргенін жоққа шығарған.

"Ондай ештеңе болған жоқ. Құш-Тепедегі жағдай бірқалыпты" деді ол. Кәрими сондай-ақ биліктің бұл мәселені зерттеп жатқанын, тәліптер ешқандай топтың біреудің мүлкін тартып алуына жол бермейтінін айтқан.

"ҰЖЫМДЫҚ ЖАЗА"

Тәліптер барлық ұлт өкілдеріне бірдей қарайтын әділ билік болып көрінуге тырысқанымен, қарсыластары олардың пуштун халқының ғана мүддесін қорғайтынын жиі айтады. Тәліп көшбасшылары мен жауынгерлерінің көбі пуштун халқынан шыққан.

Ауғанстандағы этностық топтардың саны туралы нақты дерек жоқ. Өйткені елде бұрын-соңды ресми халық санағы жүрмеген. 1970-жылдардың соңында халық санағын жүргізуге талпыныс жасалғанымен, бұл іс-шара аяқсыз қалған. Одан кейін бірнеше рет халық санағын өткізу туралы ұсыныстар айтылған, бірақ олардың бір де бірі жүзеге аспаған.

1970-жылдары өткен, нәтижесі даулы халық санағының қорытындысы бойынша, ауған халқының 40 пайызын – пуштундар, 30 пайызын – тәжіктер, 10 пайызын –хазарлар мен өзбектер, қалған бөлігін басқа этностық топтар құрайды.

Тәліптер билікке келгелі елдің әртүрлі өңірінде тұратын мыңдаған адамның баспанасын тартып алды деген ақпарат көбейген.

Қазанда тәліптер оңтүстіктегі Хелманд және солтүстіктегі Балх провинциясынан жүздеген хазар азаматын көшіріп жіберген.

Балх провинциясының тұрғындары. Ауғанстан, 6 мамыр 2008 жыл
Балх провинциясының тұрғындары. Ауғанстан, 6 мамыр 2008 жыл

Қыркүйектің соңында тәліптер орталықтағы Дайкунді провинциясындағы 700 хазар азаматына күш көрсетіп, баспанасын тартып алған. Тәліптер «жерді бастапқы иелеріне қайтару туралы сот шешімін орындадық» деп ақталған.

Күштеп көшіру операциясы пуштундарды да айналып өтпеген. Оңтүстіктегі Қандағар провинциясында тұратын, бұрынғы ауған үкіметінде қызмет еткен немесе тәліптерге қарсы соғысқан әскер қатарында болған пуштундар үйлерінен қуылған.

"Тәліптер күштеп көшіру операциясын тоқтатып, жер дауын заң жүзінде әділ шешуге тырысуы керек" дейді Human Rights Watch ұйымының Азиядағы директорының орынбасары Патрисия Госсман.

Госсманның дерегінше, 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға кіріп, тәліптерді биліктен тайдырғаннан кейін Вашингтонның қолдауына ие болған “Солтүстік Альянс” жергілікті пуштундарды көшіруге кіріскен.

996-2001 жылдары тәліптер билігіне қарсы күрескен топтардан құралған бұрынғы “Солтүстік Альянс” коалициясында негізінен тәжіктер, өзбектер мен хазарлар болған.


"Тәліптер "Солтүстік Альянстан" бұрын басқа топтарға да дәл осылай жасаған. 2001 жылдан кейін жер иелену жүйесін реформалауға талпыныс нәтижесіз аяқталды. Бұған әкімшілік пен парламенттегі ықпалды тұлғалар мен майдандағы командирлердің билігі әсер етті" дейді Госсман.

"Талибанның" қарулы күштері. Урозган провинциясы, Ауғанстан, 3 желтоқсан 2021 жыл
"Талибанның" қарулы күштері. Урозган провинциясы, Ауғанстан, 3 желтоқсан 2021 жыл

Солтүстік Ауғанстандағы жер дауының көбі 19-ғасырда бұл өңірге пуштундарды ерікті және күштеп көшіру шарасынан басталған.

1880-жылдардан бастап ауған королі Абдур Рахман хан Ауғанстанның оңтүстігінде тұратын, өзара бәсекелес пуштун топтарына мүше мыңдаған адамды пуштундар саны аз солтүстікке қарай көшірген. Пуштундарға тегін жер беріп, салықтан босатқан. 20-ғасырда пуштундар ерікті түрде елдің солтүстігіне қоныс аударған.

Human Rights Watch ұйымының 2002 жылы жарияланған есебінде "Орталық үкімет ерікті түрде қоныс аударған және күштеп көшірілген мигранттарға жер бөліп берді. Бұл ауыл шаруашылық жерлері мен жайылымдарынан айырылған жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды" деп жазылған.

19-ғасыр мен 20-ғасырдың басында Ауғанстанның солтүстігін Орта Азиядан келген босқындар паналаған. Олардың көбі Орта Азияға басып кірген патша үкіметі мен жаңадан құрылған Совет одағынан қашып келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG