Өзбекстан Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласына мамандарын жіберді. Олар әуежайдағы жабдықтарды жөндеуге көмектесуі тиіс. Өзбекстанның Ауғанстан бойынша арнайы уәкілі Исматулла Иргашев 17 желтоқсанда техник мамандар келесі жылдың басында жұмысты аяқтайтынын хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, Өзбекстанның көрші мемлекетке әуежайды қалпына келтіруге көмектесуі Ташкенттің тәліптермен ынтымақтастық орнатуға тырысуынан хабар береді. Биыл көктемде АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскерін Ауғанстаннан әкете бастағаннан кейін тәліптер шабуылды үдетіп, тамыз айында үкіметті басып алған. Содан бері "Талибан" халықаралық қауымдастықтың өзін мойындауына күш салып келеді. Бірқатар көрші мемлекеттер ынтымақтастық орнатуға ниет танытқанмен әзірге бірде-бір мемлекет "Талибан" үкіметін мойындаған жоқ.
Бұған дейін Өзбекстан БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы мен өзге де ұйымдарға Сурхандария облысының орталығы Термез қаласында гуманитарлық хаб ұйымдастыруға көмектескен. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігі Термездегі логистикалық орталыққа 100 тонна ұн жіберген.
Осыған дейін БҰҰ Ауғанстан гуманитарлық апат алдында тұр деп дабыл қаққан. Халықтың жартысынан астамына аштық қаупі төнген.
ПІКІРЛЕР