Accessibility links

Шымкенттегі әкімшілік жауапқа тартылған азаматтарды туыстары іздеп жүр


Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

10 қаңтар күні Шымкент қалалық полиция департаментінің әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнына бірнеше адам туыстарын іздеп келді. Бұл адамдар жақындары қалада болған наразылық шаралары мен одан кейін басталған бүлік кезінде ұсталған болуы мүмкін деп санайды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қабылдау орнына келген жиырмадан аса адамға полицейлер мен күзетшілер қамалып жатқан адамдардың аты-жөнін дауыстап айтты. Тізімде туысының аты аталғандар өздерімен алып келген ас-суын, киім-кешегін берді. Берген заттары салынған пакетке қамалған адамның аты-жөнін жазды.

Жиналғандардың айтуынша, олардың туыстары наразылық болған әкімдік маңынан өтіп бара жатқанда, жұмысқа кетіп бара жатқанда не оқиғаны видеоға түсіріп жүргенде, дәріханадан шығып келе жатқанда, тапсырыспен тамақ тасып жүргенде ұсталған болуы мүмкін.

- Ұлым наразылыққа шығып, алаңда ұсталса түсінемін. Жұмысқа кетіп бара жатқанда үйдің алдында ұсталды. Оқиғаны телефонымен видеоға түсіргені үшін соттауына қарсымын, - дейді 6 желтоқсаннан бері ұлын көре алмаған тұрғынның бірі.

Туысын іздеп келгендердің ішінде Шымкент қаласынан бөлек, Түркістан облысы Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт ауданынан да адамдар болды. Көбі туысының не үшін сотталғанынан хабарсыз, сот қаулысын алмаған. Кей тұрғындар туыстарын бірнеше күннен бері іздеп жүргенін айтады.

Қабылдау орнының қабырғасына әкімшілік қамауға алынған адамдардың тізімі, олардың қайда жіберілгені жөнінде қосымша ақпарат ілінген. Мысалы, 44 адам Сарыағаш қаласына жіберілген.

Қабылдау орнының қызметкерлері жиналғандарға берген тізімге қарағанда, сотталушылардың басым бөлігі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің "Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" (488-бап), "Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер" (478-бап) бабымен істі болған.

Шымкентте болған наразылықтар кезінде ұсталған 2716 адамның 177-сі әкімшілік жауапқа тартылып, 175-і 15 күнге қамалды. 52 адамға қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG