Accessibility links

Белсенді Жанболат Мамайды алаңда белгісіз біреулер ұрып кеткен


Соққыға жығылған Жанболат Мамай.
Соққыға жығылған Жанболат Мамай.

Алматыда тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамайды белгісіз біреулер ұрып кеткен. Бұл жөнінде әйелі Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлап, басы таңылған күйеуінің суретін жариялады.

"Жанболат Мамайға 5 қаңтар күні қаруланған белгісіз арандатушылар қастандық жасады. Біреуі тапаншадан оқ атуға ұмтылғанда қылмыскерді белсенді Қайрат Ердебаев тоқтатып, Жанболатты өлімнен арашалады. Сол жердегі халықтың көмегімен басы жарылып, қатты соққыға жығылған Жанболатты арандатушылардан құтқарып қала алдық. Бірнеше күн жағдайы ауыр болды. Қазір денсаулығы дұрысталып келе жатыр" деп жазды белсенді.

Инга Иманбайдың айтуынша, 5 қаңтарда Республика алаңына мыңдаған адам жиналғанын естіген Жанболат Мамай мен партияның өзге де мүшелері алаңға келген. Сол жерде агрессиялы топтың өкілдері Мамайға тапаншамен шабуыл жасаған.

Инга Иманбай оқиғаға байланысты полицияға шағым түсірмегенін айтты.

Оның алдында бір күн бұрын Жанболат Мамайды полиция Алматыда жүздеген адам қатысқан "Жаңаөзендегі наразылықты қолдау" акциясы кезінде ұстап, кейін босатқан еді.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, негізсіз ұсталды деп хабарланған белсенділер де көп.

Белсенді Инга Иманбай 11 қаңтарда Facebook парақшасында "демпартия" белсендісі Дәурен Достияровтың жоғалып кеткенін хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, 4 қаңтарда ол бейбіт митингіге шыққан. Сол күні кешке "Алматы Арена" алдында полиция оны "ұрып-соғып алып кеткен".

"Содан бері Дәуреннен хабар жоқ. Бір де бір полиция бөлімшесі Дәуренді бізде бар деп мойындамай отыр. Сонда қазір не істеу керек? Ол қаңтардың төрті күні сағат 19:30 шамасында ұсталды. Ол кезде ешқандай террористер мен бандиттер туралы әлі еш хабар жоқ. Наразылық тек бейбіт сипатта болатын. Сондықтан, биліктен өз полициясы ұрып-соғып ұрлап алып кеткен бейбіт азаматты әуелі тауып, туыстарына амандығын білдіріп, босатуды талап етеміз" деп жазды Инга Иманбай.

Ресми ақпарат бойынша, қаңтардың басындағы наразылық пен "тәртіпсіздіктерден кейін" елде он мыңға жуық адам ұсталған. Билік ұсталғандардың "адам өлтіру, тонау мен террорлық шабуылдарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG