Accessibility links

Полиция "Оператор РОП" менеджерінің өліміне байланысты "суицид" бойынша іс қозғады


Руслан Шамшиев.
Руслан Шамшиев.

Астана полициясы "Оператор РОП" компаниясының атқарушы директоры Руслан Шамшиевтің өліміне байланысты "Өзіне қол жұмсау" бабы (105-бап) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде полицияның баспасөз қызметі хабарлады. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция басқа ақпарат таратпады.

Телеграмдағы Kozachkov offside арнасы 43 жастағы Шамшиевтің денесі Astana Apartments бизнес орталығының 6 қабатында орналасқан кабинетінен табылғанын жазды. Ақпаратқа қарағанда, ол 25 қаңтарда көз жұмған.

Ашық ақпарат көздерінде Руслан Шамшиевтің 2021 жылдан бері "Оператор РОП" компаниясында істегені жазылған, бірақ нақты айы көрсетілмеген. Оған дейін әр жылдары прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталықтарында түрлі қызмет атқарған.

"Оператор РОП" - Қазақстанда кейінгі бес жылда қоғамда дау туғызған утилизация алымын жинаумен айналысқан, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар жеке компания. Жуырда президент сынынан кейін үкімет оның функциясын "Жасыл даму" АҚ-на жүктеген. 26 қаңтарда "Оператор РОП" компаниясының төрағасы Медет Құмарғалиевтің "жемқорлық" бойынша ұсталғаны белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG