Accessibility links

Бір күміс? Қазақстан Пекин олимпиадасында медаль иелене ала ма?


Қазақстан делегациясы Пхенчхан олимпиадасының ашылу салтанатында. 2018 жылдың ақпаны.
Қазақстан делегациясы Пхенчхан олимпиадасының ашылу салтанатында. 2018 жылдың ақпаны.

Ақпанның төрті мен жиырмасы аралығында Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына Қазақстаннан 34 спортшы қатысады. 2014 жылғы және 2018 жылғы қысқы олимпиадада Қазақстан бір қола медаль иеленген еді. Бұл жолы қандай нәтиже болмақ?

GRACENOTE: ҚАЗАҚСТАН БІР МЕДАЛЬ АЛАДЫ

Олимпиада ойындарының статистикасын жүргізумен айналысатын АҚШ-тағы Gracenote халықаралық сараптама компаниясы Қазақстан Пекин ойындарында бір күміс медальмен жалпы есепте 27-орын алады деп топшылайды.

Gracenote бұл медальды фристайлдың могул түрінен сынға түсетін 29 жастағы Юлия Галышева алады деп болжам жасап отыр. Галышева 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында қола жүлдегер атанып, қазақстандық спортшылар арасында жалғыз медаль иеленген еді.

Галышева Пченчхан олимпиадасында қола медаль алған сәт. 12 ақпан 2018 жыл.
Галышева Пченчхан олимпиадасында қола медаль алған сәт. 12 ақпан 2018 жыл.

– Галышевадан бөлек, біз фристайлдың могул түрінен ерлер арасында Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхард ТОП-8 қатарына енеді деп болжап отырмыз, – деді Gracenote өкілі Саймон Глив Азаттыққа.

Статистика компаниясы Галышеваның 2019 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алғанына, ал 2021 жылы әлем чемпионатында күміс медаль иеленгеніне назар аударған. Бірақ спортшының 2021 жылдың желтоқсанынан бергі көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Галышева желтоқсанда басталған биылғы қысқы маусымдағы әлем кубогының жеті кезеңінде де жүлдеге іліне алмады (ең үздік нәтижесі – 7-орын).

– Галышеваның биылғы әлем кубогы кезеңіндегі нәтижелері көңіл көншітпейді. Басқа қарсыластары қателесіп, аяқ асты жүлде алмаса, Пекинде Галышеваға өте қиын болады, – дейді спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен.

Қазақстандық Павел Колмаков Сочи олимпиадасында ерлер арасындағы могул жарысы кезінде. Красная Поляна, Ресей, 10 ақпан 2014 жыл.
Қазақстандық Павел Колмаков Сочи олимпиадасында ерлер арасындағы могул жарысы кезінде. Красная Поляна, Ресей, 10 ақпан 2014 жыл.

Биылғы қысқы маусымда Қазақстан могулшылары арасынан 25 жастағы Павел Колмаков ғана бір рет әлем кубогы кезеңінде екінші орын (12 желтоқсан, Финляндия) алды. Ал 33 жастағы Дмитрий Рейхард әлем кубогы кезеңіне екі рет қатысып, 19-шы және 20-орынды иеленген.

Әдетте спортшылардың олимпиада алдындағы жарыстардағы нәтижесі маңызды.

Қазақстан спортшылары арасынан шорт-трекші Денис Никиша қазанда Пекинде және Жапонияның Нагоя қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрлік жарыста екі рет қола медаль алған. Ал Әділ Ғалиахметов Пекиндегі әлем кубогы кезеңінде 1500 метрлік жарыста күміс медаль иеленді. Бірақ Никиша да, Ғалиахметов те қазандағы алғашқы екі кезеңде жүлде алғанымен, қарашадағы екі кезеңде медальсыз қалды.

Қазақстандық Денис Никиша (сол жақта) Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында, 22 ақпан 2018 жыл.
Қазақстандық Денис Никиша (сол жақта) Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында, 22 ақпан 2018 жыл.

Бұдан бөлек, конькиші Надежда Морозова қарашада Польшада өткен әлем кубогы кезеңінде 1500 метрлік жарыста қола медаль алған еді.

Сонымен Қазақстан спортшылары Пекин олимпиадасының алдындағы әлем кубогы кезеңінде екі күміс, үш қола медаль иеленді. Бірақ бұл жүлденің барлығында тұрақтылық жоқ. Колмаков та, Морозова да бір-бір кезеңде үштікке енгенімен, кейінгі кезеңдерде жүлдесіз қалды.

"МЕДАЛЬ БОЛА МА? ОНЫ АЙТУ ҚИЫН"

Спорт журналисі Рауан Оқас Пекинге аттанған Қазақстан спортшыларының ішінде олимпиадада "жүлде алады" деп нық сеніммен айтатын фаворит жоғына назар аударады.

– Қазақстан Пекиннен жүлде ала ма деген сауалға жауап берерде "мүмкін", "мүмкін ілініп қалар", "бірдеңе күтуге болады" деп сөйлеуге мәжбүрміз. Яғни, фристайлдың могул түрінен ерлер арасында Колмаков жүлдеге ілінуі мүмкін. Шорт-трекші жігіттерден жүлде болып қалар. Біздікі - "үмітсіз – шайтан", – дейді ол.

Сочи олимпиадасына барған, спорт жарыстарын жіті бақылайтын блогер Аршат Оразов коронавирус кесірінен Пекин олимпиадасында спорт бәсекесі төмен деңгейде болады деп санайды. Ол қазірдің өзінде коронавирустың "омикрон варианты спортшылардың басты қарсыласына" айналды дейді.

– Біраз фаворит спортшылар коронавирус кесірінен олимпиадаға қатыса алмайды. Тағы бір негатив себеп – жасанды қар. Пекиндегі қардың сапасыздығы туралы жиі айтылып жатыр. Мұның салдары жарыс кезінде көрінетін болады. Сондықтан тосын нәтиже көп болатын болса, таң қалмау керек. Қазақстандық спортшылардан да сюрприз күтемін. Кем дегенде бір медаль болады деп ойлаймын. Мысалы, жүлдені фристайлшы Колмаковтан күтуге болады. Жалпы бар үмітіміз де қазір фристайл мен шорт-трек қой. Басқа спорт түрлерінен тосын нәтиже келе қоймас. Ал осы екеуінен нақты нәтиже күтуге болады деп ойлаймын, – дейді блогер.

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де Пекинде "ұзаса бір қола медаль алармыз", "алтынның ауылы алыс" деп санайды.

– Биатлоннан Галина Вишневская 2016-2017 жылдары жақсы нәтиже көрсете бастап еді, бірақ былтырдан бастап көрсеткіші өте құлдырап кетті, – дейді ол.

Жалпы Қазақстан Пекин олимпиадасына спортшылар дайындығына 400 млн теңге, ал делегацияның Қытайға сапарына 228 млн теңге жұмсаған.

Бюджеттен осыншама қаржы бөлінсе де, Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық олимпиада комитеті де "Пекин олимпиадасынан қанша медаль аламыз?" деген сауалды жауапсыз қалдырды.

25 қаңтарда өткен брифингте журналистер спорт комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев пен ҰОК бас хатшысы Андрей Крюковтен медаль жоспарын бірнеше рет сұрағанымен, спорт шенеуніктері жоспарды айтпады.

"Әрине, жанкүйерлер мен журналистер тарапынан медаль бола ма деген сауал көп. Медаль бола ма, болмай ма, жоспар қандай? Оны айту өте қиын. Әлемде пандемия болып жатыр. Дайындық мүмкіндігі басқаша болды" деді Жарасбаев брифингте.

Пекин ойындары – коронавирус пандемиясы тұсында өтетін екінші олимпиада. Қытай коронавирус тарамас үшін олимпиадаға шетелдік жанкүйерлердің келуіне шектеу қойды. Ойындарға келетіндердің барлығы коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алуы тиіс. Екпе алмағандар 21 күн карантинде болмақ.

Олимпиадаға шетелден спортшылар, бапкерлер, төрешілер және БАҚ өкілдері ғана бара алады. Олимпиададан хабар тарататындар арасында Азаттық тілшісі Руслан Меделбек те бар. Ол Пекиндегі Қазақстан спортшыларының нәтижесі, олимпиаданың басқа да хабарларын жеткізіп отырмақ.

Олимпиада ойындары өтетін жабық аймақтың сырт жағында жүрген қарапайым адамдар мен қытай әскери полициясы. Пекин, 30 қаңтар 2022 жыл.
Олимпиада ойындары өтетін жабық аймақтың сырт жағында жүрген қарапайым адамдар мен қытай әскери полициясы. Пекин, 30 қаңтар 2022 жыл.

Олимпиадаға келгендердің барлығы жарыс аяқталғанға дейін арнайы "жабық аймақта" (Close-loop) болады және күнделікті ПТР тестін тапсырады. Вирус жұқтырған адам және онымен байланыста болғандар оқшауланады. Пекин қаласына шығуға тыйым салынған.

2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарына Пекинмен қатар Алматы да таласқан еді. Халықаралық олимпиада комитеті сессиясында дауыс беру қорытындысы бойынша, Пекин жеңіске жетіп, ойындарды өткізу құқығын жеңіп алған.

АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Эстония Қытай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарға қысым жасап жатыр деп Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG