Accessibility links

Қызылордада қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары әділ тергеуді талап етті


Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың жақындары Қызылорда облыстық прокуратура өкілімен кездесіп тұр. Қызылорда қаласы. 31 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың жақындары Қызылорда облыстық прокуратура өкілімен кездесіп тұр. Қызылорда қаласы. 31 қаңтар 2022 жыл.

Дүйсенбі, 31 қаңтарда Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторының алдында жиналған он шақты адам қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған жақындарына қатысты тергеудің әділ өтуін талап етті. Олар күдікке ілінгендерді полиция қызметкерлері ұрып-соғып, жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүрлейді деп айыптайды.

- Біздің балаларымызды «митингіге шықты» деп, үстінен қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздікке қатысу») бойынша іс қозғап, қамады. Балаларымыздың наразылыққа шыққаны рас, бірақ олар бүлік жасап, ғимараттарды қиратты дегенге сенбейміз. Керісінше, жараланған қарапайым адамға да, әскерилер мен полиция қызметкерлеріне де көмек көрсетіп, жақсылық жасаған. Біз балаларымызды террорист емес, батыр деп есептейміз, - деді наразылардың бірі Бақтыгүл Мұсаева.

Изолятор алдында тұрғандарға құзырлы органдардан ешкім шықпаған соң олар Қызылорда облыстық прокуратурасына келді. Мұнда олармен облыстық прокуратураның қылмыстық істерді тергеу басқармасының бастығы Батырбек Нұрмағанбетов кездесті.

Жиналғандар талаптарын айтып, жаралыларды үйқамаққа ауыстыруды, кінәсіздерді тез арада босатуды талап етті. Прокурор ешкімнің заңсыз қамалмағанын, изолятор ішінде жараланғандарды емдейтін мамандардың барын жеткізді.

- Денсаулық жағдайы нашарлаған бір адам үй қамаққа ауыстырылды. Ол өзінің кінәсін мойындаған, дәлелдемесі толық бекітілген. Дегенмен оның эпилепсиясы болғандықтан, бұлтартпау шарасы сот санкциясымен өзгертілді. Ешкімді заңсыз қамауға алатын жағдай жоқ. Тергеу соты да санкция бергенде заңдылығын қарап отырады, - деді Батырбек Нұрмағанбетов.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық акциясы бірер күнде Қазақстанның біршама өңірінде жайылды. Қызылордада 4 қаңтарда басталған митингі ертесіне жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша, 5 қаңтардан бастап 718 адам полиция органдарына жеткізілген. Әкімшілік істер бойынша 154 адамға шара қолданылып, 53 қылмыстық іс бойынша 99 адам қамауға алынған. Осы оқиғалар кезінде қалада 25 адам қаза тапқан. Оның біреуі - әскери борышын өтеп жүрген сарбаз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG