Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қысқы олимпиададан хабар таратпаққа Пекин қаласына жетті. Пандемия тұсында бұл ойындар қалай өтпек? Коронавирусқа байланысты шектеулер қандай? Тілшіміздің Пекиннен алғашқы жазбасын қаз-қалпында ұсынамыз.
Air China әуе компаниясының арнайы олимпиадалық чартер рейсімен Парижден Пекинге тоғыз сағатта ұшып жеттік. Бұл борт Еуропадан олимпиадаға баратын спортшы, журналист, төрешілерге арналған. Чехия астанасы Прагадағы Азаттық кеңсесінде жұмыс істейтіндіктен Пекинге Париж арқылы ұштым.
Сапар алдында 96 және 72 сағатта тест тапсырдық және екі тестің теріс нәтижесін арнайы мобильді қосымша арқылы жүктеп, Қытай тарапынан олимпиадаға ұшуға рұқсат беретін "жасыл QR код" (green pass) алдық.
Ұшақта бір қатарға бір адам ғана отырады. Арнайы аппақ қорғаныш киімін киген стюардессалар бортта ыстық тамақ берілмейтінін, орындығымызға қойылған екі пакет нан, тәттілер, су, шұжық, алдын ала дайындалған сиыр еті тоғыз сағатқа арналған ас-ауқат екенін ескертті.
Стюардессалар тоғыз сағатта екі рет температурамызды өлшегені болмаса ұшақ ішінде көп жүрмеді.
Әуежайға келе сала тағы бір рет ПТР тестін тапсырып, бірден олимпиадаға арналған "жабық аймаққа" (close loop) кіріп, сондағы қонақ үйге жеттік.
Қонақ үй қызметкерлері ПТР нәтижесін бөлмемде күту керегін, тест нәтижесі таза болса ғана сыртқа шығуға болатынын ескертті.
Отельге келер жолда бірнеше журналист әріптестерінен коронавирус табылғанын, қазір оқшаулау орнында жатқанын айтып қалды.
Бұған қоса, олимпиадаға келгендерге арналған қонақ үйлердің сырты арнайы дуалмен қоршалған. Отельден аттап басуға болмайды. Қонақ үй ішінде үш-төрт адам, қақпа алдындағы арнайы поста екі полицей, ішінде бір полицей күзетіп тұр.
Қонақ үйден арнайы автобуспен жарыс өтетін кешендерге ғана баруға болады. Себебі қалаға шығуға, тұрғындармен байланысқа түсуге қатаң тыйым салынған. Қаланың тіршілігіне спорт кешендеріне кетіп бара жатқанда автобус терезесінен ғана көз тастауға болады.
Пекин көшесінде, олимпиада объектілерінде, олимпиада қонақтарына арналған отельдердің маңында да полицейлер көп. Олар олимпиадаға келгендердің "жабық аймақтан" шығып кетпеуін қадағалайды.
Шамамен екі сағат өткен соң отель қызметкері бөлмемдегі телефонға қоңырау шалды.
- Mister Medelbek, your test result is negative. You can go out (Меделбек мырза, сіздің тест нәтижеңіз теріс болды. Сыртқа шығуға болады)
Бұл сөз олимпиадада жұмысқа кірісуге болады дегенді білдіреді. Енді күнде таңертең қонақ үйде ПТР тестін тапсырамыз. Егер тест нәтижесі оң болса, екінші рет тапсырып, екі тестен де коронавирус табылса, отельден арнайы оқшаулау орнына жеткізеді. Оқшаулау орнынан екі тестің нәтижесі теріс болса ғана шығармақ. Ал вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар қонақ үйде жеті күн оқшаулануы тиіс.
Бейжіңге келген әр адамның көңілі алаң. Әсіресе спортшылар басқаға жолауға қорқады, алыс жүруге тырысады. Олимпиадаға қатысатын спортшылардың маскамен жаттығу өткізгені жайлы да айтылып жатыр. Бұған қоса, Ресей хоккей құрамасы коронавирус жұқтырып алмас үшін басқа спортшылармен ұшудан бас тартқан. Егер хоккейшілердің бірінен вирус табылса, басқа ойыншылар да байланыста болды деп карантинге кетуі мүмкін.
Дәл қазір спортшылардың басты қарсыласы коронавирус һәм омикрон болып тұр. Олимпиада қатысушылары әдетте допинг тексерістен қорқатын еді, қазір бәрінің ойы коронавирустың ПТР нәтижесінде.
Демек екі апта бойы олимпиадаға келгендердің негізгі "серігі" маска, антисептик болмақ. Жүрген жерде антисептик тұрса қолға сеуіп алуға тырысамыз, масканы шешуге жасқанамыз.
Пекинде күнде тест тапсыру бір уайым болса, беті-аузын тұмшалап, қорғаныш киіміне оранып алған еріктілерге де үрейлене қарайсың. Олардың алдында өзіңді коронавирус таратушы сезінесің, зияным тиіп кетпесе деп ойлайсың. Пекинге келе сала мерекелік көңіл-күй сезілмеді. Іштей өзімізді барлық жағдайға дайындап әлекпіз.
Қытай билігі осы қатаң шаралардың арқасында коронавирустың тарауына жол бермейміз дегенді алға тартады. Бірақ Пекин олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, қазірдің өзінде оқшаулау орталығында кемі 32 адам жатыр. Олардың арасында кемі 9 спортшы бар.
Олимпиадаға келген кемі 11 адам ауруханаға түскен. Ұйымдастырушылар оларда "аздаған симптом" барын, жағдайлары жақсы екенін айтады.
Пекинге келгендердің арманы – оқшаулау орталығының және коронавирус ауруханасының бетін көрмей, карантинге тап болмай, олимпиаданы аяқтау.
Дәл қазір спортшылардың қандай нәтиже көрсетеді я кім чемпион болады деген талқылау көлеңкеде қалып, кім вирус жұқтырмай жарысқа қатысады деген мәселе алдыңғы қатарға шығып кетті.
Ал Қытайдың CCTV телеарнасы мен Синьхуа агенттігі Қытай билігі мен ел лидері Си Цзиньпиннің Пекин олимпиадасын ұйымдастырудағы "зор еңбегін" қайта-қайта мақтап жатыр.
ПІКІРЛЕР