Accessibility links

Чен, Ханю, Валиева деген кім? Мәнерлеп сырғанау неге қызу талқыланып жатыр? Сізді қызықтырған сауалдарға жауап


Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында америкалық Нэтан Чен олимпиада чемпионы атанғанын, әйелдер арасындағы фаворит ресейлік Камила Валиеваның бас дауға қалғанын, екі дүркін олимпиада чемпионы жапониялық Юдзуру Ханюдың жеңілгенін естіген боларсыз. Қазір олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанау жұрт арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл орайда осы спорт айналасындағы маңызды бірнеше сұраққа жауап бермекпіз.

МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДА ЖЕҢІМПАЗ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

Мұзда мәнерлеп сырғанау қысқы және негізгі бағдарламадан тұрады. Спортшылар алдымен қысқа бағдарламаны сырғанайды. Қысқа бағдарламаға 2.40 минут беріледі. Спортшы қысқа бағдарламада үш секіру элементін орындайды. Оның бірі каскад (екі элементті бірінен соң бірін қосып секіру) болуы шарт. Ал негізгі бағдарламаға 4.30 минут беріледі. Бұл уақыттың ішінде спортшы жеті секіру элементін орындауға мүмкіндігі бар.

Әр секіру элементінің базалық ұпайы болады. Спортшы таза секірсе төрешілер қосымша ұпай беруі мүмкін, құласа базалық ұпайдың біраз бөлігін шегеріп тастайды. Бұдан бөлек спортшы биіне, артистизміне, мұздағы сырғанауына да ұпай шегереді.

Төрешілер екі топқа бөлінеді. Бірі секіру элементтерін бақылайды, екінші топ спортшының артистизміне, биіне, сырғанауына баға қояды.

Қысқа және негізгі бағдарламада секіру элементтері мен артистизмнен ең көп ұпай жинаған спортшы жеңімпаз атанады.

Мәнерлеп сырғанауда ерлер, әйелдер, жұптар (әйел мен ер) арасында және спорттық би (әйел мен ер) бойынша жүлделер сарапқа салынады. Ерлер, әйелдер және жұптар арасында секіру элементтері орындалады. Спорттық биде жұптар секіру элементін орындамайды, олардың мұздағы биі бағаланады.

Олимпиадада мәнерлеп сырғанау жекелей сында және командалық жарыс өтеді. Командалық жарыста сегіз ел мәнерлеп сырғанаушыларынан команда жасақтап, жүлдеге таласады.

ЕРЛЕР АРАСЫНДА НЭТАН ЧЕН ЧЕМПИОН БОЛДЫ, ЖАПОН ХАНЮ ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЛДЫ. ЧЕН МЕН ХАНЮДЫ ТАНЫСТЫРСАҚ

Америкалық Нэтан Чен мен жапониялық Юдзуру Ханю – дәл қазір мәнерлеп сырғанаудың жұлдыздары және басты қарсыластар.

22 жастағы Чен Пекинде 332.60 ұпаймен олимпиада чемпионы болды. Ол өзі орнатқан әлем рекордына (335) сәл жетпей қалды. Америкалық спортшы негізгі бағдарламада бес рет төрттік секіру элемент және екі рет үштік аксель секірді. Мәнерлеп сырғанауда жекелей сында төрттік элементтер мен үштік аксель ең қиыны саналады. Төрттік элементтер мен үштік аксельдерге көп ұпай беріледі.

Нэтан Чен Пекин олимпиадасында. 10 ақпан 2022 жыл.
Нэтан Чен Пекин олимпиадасында. 10 ақпан 2022 жыл.

Жапониялық 27 жастағы Ханю Сочи және Пхенчхан олимпиадасында чемпион болған. Ол – екі рет қатарынан олимпиадада алтын алған алғашқы және әзірге жалғыз мәнерлеп сырғанаушы.

Пекинде Ханю 283,21 ұпаймен 4-орынмен шектелді. Жапониялық негізгі бағдарламада төрттік аксель секіруге талпынып, құлады. Ханю – төрттік аксельді орындауға тырысқан алғашқы спортшы.

Юдзуру Ханю Пекин олимпиадасында. 10 ақпан 2022 жыл.
Юдзуру Ханю Пекин олимпиадасында. 10 ақпан 2022 жыл.

Кейінгі төрт жылда мәнерлеп сырғанау жарыстарында алтынға Чэн мен Ханю таласып келеді. Чен 2018, 2019, 2021 жылғы әлем чемпионы атанған. Ханю 2014 және 2017 жылғы әлем чемпионы болған.

Пекин олимпиадасында күміс пен қоланы жапониялық 18 жастағы Юка Кагияма (310,05) мен 24 жастағы Шомо Уно (293) иеленді.

РЕСЕЙ ҚҰРАМАСЫ ҚАНДАЙ ДАУҒА ІЛІНДІ? КАМИЛА ВАЛИЕВА КІМ?

Ресей құрамасы Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста чемпион атанған. Күміс пен қоланы АҚШ және Жапония иеленген. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті медаль тапсыру рәсімін кейінгі қалдырды. Себебі Ресей құрамасында сынға түскен Камила Валиеваның желтоқсанда тапсырған допинг тестінде мәселе болған. Қазір ХОК пен Халықаралық коньки одағы мәселені қарастырып жатыр.

15 жастағы Валиева – Пекинде әйелдер арасындағы жекелей сынның фавориті. Биыл маусымда Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде ол 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатқан.

Камила Валиева.
Камила Валиева.

Дәл қазір Валиева – мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында лидер. Ол бірнеше төрттік элемент пен үштік аксель орындай алады. Пекин олимпиадасында ресейліктер – Александра Трусова мен Анна Шербакова да жүлдеге негізгі үміткерлердің бірі. Трусованы жанкүйерлер «орыс ракетасы» деп атайды. Ол әйелдер арасында бес рет төрттік секіру элемент орындауға талпынып жүр. Щербакова – әйелдер арасында 2021 жылғы әлем чемпионы. Валиева, Трусова, Щербакованы ресейлік маман Этери Тутберидзе жаттықтырады.

ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН АЛА АЛМАДЫ?

2004 жылы Сочи олимпиадасында Денис Тен қола медаль иеленген. Ал 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова қатысқан еді. Бірақ Пекин олимпиадасына Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан жолдама ала алмады. Тұрсынбаева олимпиада алдында жарақатына байланысты карьерасын аяқтады.

Дәл қазір Қазақстан құрамасында әлемдік мықтылармен бәсекелесе алатын мәнерлеп сырғанаушы жоқ. Олимпиада алдындағы іріктеу жарыстарына қатысқан қазақстандықтар төмен нәтиже көрсетті.

Қазір Қазақстан құрамасын ресейлік маман Сергей Воронов жаттықтырады. Ақпанның басында Таллинде (Эстония) өткен Төрт құрлық чемпионатында қазақстандық 17 жастағы Михаил Шайдаров 234,67 ұпаймен бесінші орын алды. Ол бұл жарысқа олимпиадаға жолдамалар таратылып қойған соң қатысқан еді. Мамандар Шайдаровтан үміт күтуге болатынын айтады.

XS
SM
MD
LG