Пекинде өтіп жатқан олимпиада ойындарында Австрия құрамасына ілінбеген спортшы чемпион атанды. АҚШ спортшысы 40 жаста олимпиада алтынын иеленді. Ресейлік шаңғышылар араға қырық жыл салып, эстафетада топ жарды. Ал Жапония конькишілері финалда құлап, алтын медальдан айырылды. Олимпиада сәттеріне көз сала отырыңыз.
16 ақпанда фристайлдың акробатика түрінен украиналық Александр Абраменко (оң жақта) күміс, Ресей олимпиада комитетінің спортшысы Илья Буров (сол жақта) қола медаль алды. Олимпиада жүлдегері жарыстан соң бір-бірін құттықтады. Пекин олимпиадасы Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушығып тұрған тұста өтіп жатыр. Былтыр жазда Токио олимпиадасында екі елдің спортшылары бір-бірін құттықтап я суретке түскен үшін дауға қалған еді. Бұл жолы екі спортшының әрекеті жанкүйерлерді сүйсінтті.
Шаңғыдан Ресей олимпиада комитетінің ерлер құрамасы эстафета жарысында алтын медаль алды. Орыс шаңғышылары 1980 жылдан бері алғаш рет эстафетада жеңіске жетті. Ресей допинг дауына көп ілінгендіктен Пекин олимпиадасына тусыз, әнұрансыз "Ресей олимпиада комитеті" деп қатысып жатыр. Халықаралық олимпиада комитеті Ресей билігі допинг саясатын мемлекеттік деңгейде қолдап келген деп санайды. Кремль мұны жоққа шығарады.
Австриялық 29 жастағы Йоханнес Штрольц тау шаңғысының суперкомбинация жаттығуында чемпион атанды. 1988 жылы Калгари олимпиадасында Йоханнестің әкесі Хуберт Штрольц те суперкомбинацияда алтын алған еді. Араға 34 жыл салып баласы әкесінің жетістігін қайталады. Хуберт олимпиада чемпионы болған кезде Йоханнес өмірге келмеген еді.
Бір қызығы, Йоханнес былтырғы маусымдағы төмен нәтижесіне байланысты Австрия құрамасынан шығып қалған. Кейін әкесімен жаттығып, қаңтарда әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетеді де, олимпиадаға жолдама иеленеді. Спортшы Пекин ойындарына қатысу үшін шаңғыны жалға алғанын айтады.
Мәнерлеп сырғанаудан франциялық Гийом Сизерон (сол жақта) мен Габриэла Пападакис (оң жақта) Пекинде спорттық биден олимпиада чемпионы атанды. Екеуі 9 жастан бері жұптасып билеп келеді. Пападакистің анасы мәнерлеп сырғанаудан бапкер болып жүргенде екеуін бірге жұптастырған. Араға 17 жыл салып, екеуі олимпиада алтынын алды.
Биатлоннан спринт жарысында Норвегия құрамасындағы ағалы-інілі Тарьей Бё (27) алтын, Йоханнес Тиннес Бё қола медаль алды. Екеуі олимпиадада бәсекелесіп, тұғырға бірге шыққан санаулы ағайынды спортшылардың қатарына енді.
Керлингтен аралас (әйел мен еркек спортшы) жарыста италиялық Стефания Константини мен Амос Мозанер чемпион атанды. Екеуі Пекин олимпиадасындағы 11 ойынның барлығында жеңіске жетті.
Конькиден Жапония әйелдер құрамасы қолда тұрған алтыннан айырылып қалды. Командалық жарыстың финалында жапониялық Нана Такаги мұз айдында құлап, Канада құрамасын алға жіберіп қойды. Жарыстан соң Жапония құрамасының қыздары өкініштен ұзақ уақыт көз жастарын тия алмады.
Эстониялық 19 жастағы Келли Сильдару фристайлдың слоупстайл түрінен қола медаль иеленді. Эстония 2014, 2018 жылдары қысқы олимпиадада жүлдесіз қалып еді. Бұл ел соңғы рет олимпиада медалін 2010 жылы Ванкуверде (бір күміс) алған.
Шана спортынан германиялық Джулия Таубицтің жарыс кезінде шанасы аударылып, жүлдесіз қалды. Ол 2021 жылы шана спортынан әлем чемпионы атанып, Пекин олимпиадасына фаворит ретінде келген еді.
Жаңа зеландиялық Зои Садовски-Синнотт сноубордтың слоупстайл түрінен әйелдер арасында олимпиада чемпионы атанды. Бұл - мәңгі жаз, қар көрмейтін Жаңа Зеландияның қысқы олимпиададағы алғашқы алтыны.
Сноубордтан америкалық Ник Баумгартнер (оң жақта) мен Линдси Джекобеллис (сол жақта) командалық жарыста чемпион атанды. Ник 40 жаста, Линдси 36 жаста.
ПІКІРЛЕР