Accessibility links

Алматыда әскердің халыққа оқ атуын тергеуді талап еткен петицияға қол жинау басталды


Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі. Алматы, 27 қаңтар 2022 жыл. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарда осы жерде әскери қызметкерлер халыққа оқ жаудырған.
Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі. Алматы, 27 қаңтар 2022 жыл. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарда осы жерде әскери қызметкерлер халыққа оқ жаудырған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда Республика алаңында бейбіт халыққа оқ атқан әскерилерді жауапқа тарту туралы петицияға қол жинау басталды. Онлайн петиция 17 ақпанда secure.avaaz.org сайтында жарияланды.

"Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин Алматыда Республика алаңында оқ атылған жоқ деп мәлімдеді. Алайда керісінше болғанына дәлелдер бар.
6 қаңтарда сағат 18.30 шамасында алаңға келген әскерилер бейбіт шеруде тұрған халыққа қарсы оқ атқан. Бұған жүздеген куәлер бар, оның ішінде оқтан аман-есен құтылып тірі қалғандар да бар.
Бірақ Бас прокуратура қозғаған қылмыстық істер арасында осы факті бойынша қозғалған іс жоқ! Бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық берілген жоқ, ол қылмыскерлерге арналған дейді билік, алайда алаңда бейбіт шеруге қатысушылар және кездейсоқ адамдар қаза тапты" деп жазылған петицияда.

Петиция авторлары 6 қаңтарда кешке жақын алаңда 50 жастағы құқық қорғаушы Нұрәлия Айтқұлованың де кеудесіне оқ тиіп, ажал құшқанын жазған.

Олар Республика алаңы ғана емес, елдің барлық өңірінде оқиға кезінде күштік құрылымдардың қару қолдану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғауын талап еткен. Оқиға құрбандарының толық тізімін жариялау туралы да талап бар.

18 ақпан түске дейін петицияға 244 адам қол қойған.

Петиция авторлары үндеу алғаш рет 15 ақпанда onlinepetition.kz сайтында жарияланғанын, бірақ 17 ақпанда сайттың хостингі өшірілгенін атап өткен.

Билік қаңтар қырғыны кезінде бейбіт халыққа оқ атылған жоқ деумен келеді. Бірақ қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстарының мәлімдемелері оған кереғар.

Бұған дейін куәгерлер 6 қаңтарда Алматыда Республика алаңында әскери қызметкерлердің халыққа оқ жаудырғанын айтқан. Куәгерлер Азаттыққа халық билікке талаптарын бейбіт жеткізу үшін алаңға жиналған шақта әскерилердің тұтқиылдан келіп, ескертусіз оқ ата бастағанын айтқан.

Видео: Мемлекеттік хатшы "бейбіт жиынға оқ атылмағанын" айтады. Куәгерлердің көргені басқа

Мемлекеттік хатшы "бейбіт жиынға оқ атылмағанын" айтады. Куәгерлердің көргені басқа
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Азаматтық белсенділердің айтуынша, қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп және басым бөлігі 5 қаңтар күнгі қақтығыс пен 6 қаңтарда Алматыдағы орталық алаңда қаза болған.

  • Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлеріне жылдам жайылды. Кейбір өңірде тәртіпсіздіктер болды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Қоғам талабына қарамастан билік қаза болғандардың тізімін жарияламады.
  • 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет "террорист" сөзін қолданды. Ол Қазақстанға "іс жүзінде халықаралық террористік топ" шабуыл жасады деп мәлімдеді. Ол бұл тіркесті ҰҚШҰ-дан "әскери көмек" сұрау үшін және күштік құрылымдарға "арнайы операция" кезінде "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беру үшін пайдаланды.
  • Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің ескертусіз оқ ату туралы бұйрығын қатаң сынаған. Олар оқиғаны жан-жақты ашық, әділ тергеуге шақырған. Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды комиссияның құрамына халықаралық сарапшыларды да енгізуге шақырған. Билік әзірге бұл ұсынысқа реакция білдірмеді.
  • Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандарды азаптау, қысым көрсету бойынша да ақпарат көп. Билік оларды мұқият тексеруге уәде бергенмен әлі күнге дейін азаптау бойынша қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG