Accessibility links

Ұлыбритания олигархтарға "алтын виза" беруді доғарды


Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель.
Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель.

Ұлыбритания инвестиция құйған шетел азаматтарына беретін "алтын виза" бағдарламасын тоқтатты. Бұл жөнінде ішкі істер министрі Прити Пател хабарлады.

"Біздің көші-қон жүйесін теріс пайдаланған жайттарға көз жұма қарай алмаймын" деді Пател. Ол "лас ақшасын таратып, ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жемқор элитаның жолын кесетінін" айтты.

Оның сөзіне қарағанда, "алтын визаның" күшін жою – "алаяқтық пен заңсыз қаражатпен күрестің басы ғана".

Бұған дейін "алтын виза" бағдарламасының тоқтайтынын Financial Times пен The Times те жазған. Басылымдардың жазуынша, Украина төңірегінде жағдай ушыққан шақта Ұлыбритания Ресей басшысы Владимир Путинмен байланысты ақша мен активтердің елге кіргізілгенін қаламайды.

Десе де, бейсенбі күні ішкі істер министрі Прити Пател шешім барлық елден келетін өтініш иелеріне қатысты екенін айтты.

Financial Times басылымының мәліметінше, Лондон 2021 жылдың қыркүйегіне дейін бір жыл ішінде шетел инвесторларына 798 виза берген, 82-і Ресей азаматы. Осы аралықта 210 Қытай азаматы "алтын виза" алған.

Ресми мәлімет бойынша, "алтын виза" Қазақстаннан шыққан байларға да берілген.

Ақпан айының басында Ұлыбритания парламентінде "халқын тонап, байыған қазақ олигархтарына" санкция салу мәселесі талқыланған кезде парламент мүшесі Маргарет Ходж 2008-2015 жылдары Ұлыбритания "қазақ клептократтарына" 205 арнайы виза бергенін айтқан. Сыншылар бұл ерекше визаның олигархтар мен жемқорлыққа жайлы тетік екенін, мұның Ұлыбритания беделіне нұқсан келтіретінін айтқан.

Ұлыбритания Еуроодақтан тыс жерден қосымша инвестиция тарту мақсатында "Алтын виза" бағдарламасын 2008 жылы енгізген. Бұл визаны алған адамдар белгілі бір уақыттан кейін Ұлыбритания азаматтығына да құжат тапсыра алады. Егер 2 миллион фунт салсаңыз бес жыл күтесіз, 5 миллион фунт болса үш жыл, 10 миллион фунт болса екі-ақ жыл күтесіз.

Лондон заңсыз қаражат айналымына жол бермес үшін 2015 жылы тексерісті күшейтіп, өтініш иелерінен қаржылық мақсаттарына аудит жүргізуді талап ете бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG