Accessibility links

Британ парламентінде Қазақстанға санкция салу талқыланғаннан кейін СІМ Ұлыбритания елшісін шақырды


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Британ парламентінде Қазақстанға санкция салу ұсынысы айтылғаннан кейін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылған. Бұл жөнінде 2 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев хабарлады.

"Парламентте бір депутат мәлімдеме жасаған. Оның немен байланысты екенін түсіндіру үшін бүгін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Біз одан түсініктеме күтеміз" деді Шахрат Нұрышев.

Ақпан айында Қазақстанның "клептократ элитасына" санкция салу мәселесін қозғаған парламент мүшесі Маргарет Ходж 1 наурызда Мәскеу ғана емес, Ресей басшысы Владимир Путинді қолдап отырған Қазақстан мен Әзербайжанға да шектеу қою қажеттігін алға тартқан еді.

Сейсенбі күні оның мәлімдемесіне жауап берген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Элизабет Трасс Нұр-Сұлтан мен Бакуға санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын, дегенмен қазір Лондон негізінен Ресей мен Беларусьтің Украинаға агрессиясына төтеп беруге көбірек ден қойып жатқанын айтқан.

Ақпан айында Маргарет Ходж британ парламентінде өткен "Қазақстан: жемқорлыққа қарсы санкциялар" атты талқылау кезінде британ үкіметін "халықты тонап, байыған" Қазақстан элитасы өкілдеріне санкция салуға үндеген. Ол ондаған адамның аты-жөнін атаған. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар. Ходж сол кезде Ұлыбритания билігін "жемқорлыққа көз жұма қарап, Қазақстан режиміне лас ақшаны жымқырып, жұмсауына көмектесті" деп кінәлаған.

Ол "жуырда болған қантөгіс (қаңтар қырғынын айтып отыр – ред.) клептократияның шынайы құны" деген.

"Бұл жемқор элитаға санкция салу зиянды әрекетті түбірімен қопарып тастамас және Қазақстанға түбегейлі демократиялық өзгеріс әкелмес. Бірақ бұл лас ақша мен жемқорлыққа қарсы күресіміздің бос сөз емес екенін көрсетер еді. Әрекетсіздік салдары ауыр болмақ" деген еді Маргарита Ходж.

Қазақстанда көптеген белсенді Батыс елдерін елде адам құқығының өрескел тапталуына жауапты шенділерге, "халықтың есебінен" байыған тұлғаларға санкция салуға жиі шақырып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG