Accessibility links

Францияда "Роснефть" басшысы Игорь Сечиннің мегаяхтасы тұтқындалды


Игорь Сечинге тиесілі деп айтылатын "Сейнт Принсесс Олга" мегаяхтасы.
Игорь Сечинге тиесілі деп айтылатын "Сейнт Принсесс Олга" мегаяхтасы.

Француз кеденшілері "Роснефть" басшысы Игорь Сечинге тиесілі деп айтылатын "АмореВеро" мегаяхтасын тұтқындады. Бұл жөнінде Франция қаржы министрі Брюно Ле Мэр хабарлады.

Кеме Лазур жағалауындағы Ла-Сьоте портынан қашып кетпек болған, бірақ ұсталған.

85 метрлік яхта бұрын "Сейнт Принсесс Олга" деп аталған. Бірақ "Роснефть" басшысы әйелі Ольга Сечинадан ажырасқаннан кейін кемеге басқа атау берілген. Қымбат яхта жөнінде алғаш хабар 2016 жылы тараған, ол кезде құны 100 млн доллар болған.

Сечин кеменің өзіне тиесілі екенін мойындамайды. Ол бұрын әйелімен бірге яхта жөнінде мақала жазған "Новая газета" басылымының тираждарын жоюды талап еткен.

Франция Игорь Сечин мүлкіне ЕО-ның Ресейге санкциясы аясында тыйым салып отыр. Еуроодақтың пікірінше, Сечин Украинаға соғыс ашқан Ресей басшысы Владимир Путиннің жақын досы және Ресейдің саяси элитасындағы ең ықпалды адамдардың бірі. Ол Украинада жағдайдың тұрақсыздануынан пайда көріп отыр.

Сәрсенбі күні ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың яхтасы тұтқындалған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG