Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинді "әскери қылмыскер" санайтынын айтты. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Байден алғаш рет Путинге қатысты осындай тіркесті пайдаланып отыр.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің түсіндіруінше, Байден теледидардан "шет мемлекетті басып алмақ болған қатыгез диктатордың варварлық әрекетін" көргеннен кейін "шын жүрекпен айтқан болуы" мүмкін. Ресей көптеген айғақтарға қарамастан Украинадағы азаматтық нысандар мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын мойындамай келеді.
Сәрсенбі күні Байденнің сөзіне реакция білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "мемлекет басшысының мұндай тіркесті қолдануына жол беруге болмайды" деген.
Былтыр көктемде "Путинді "қанішер" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына АҚШ президенті Джо Байден "иә" деп жауап берген еді. Ал Байденнің сөзіне қатысты пікір айтқан Путин "Біреуді даттаған адамның өзі сондай" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР