Ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың зерттеу тобы Италияның батыс жағалауындағы портта тұрған ресейлік "Шахерезада" суперяхтасы туралы видео жариялап, ол яхта президент Владимир Путиндікі болуы мүмкін деген болжам жасады.
700 млн долларлық "Шахерезада" суперяхтасының экипажы негізінен Ресей федералдық күзет қызметінің адамдарынан тұрады. Сондықтан қымбат яхтаның нағыз иесі Ресей президенті Владимир Путин болуы мүмкін.
Ұзындығы 140 метр болатын, тікұшақ қонатын алаңқайлары, сұлулық салоны, қонақ бөлмелері бар, алты қабат үйдің биіктігіндей "Шахерезада" әлемдегі осы тектес яхталардың ең үлкені саналады. Жақында АҚШ-тың The New York Times басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, бұл кеме Путинге тиесілі деген болжам айтқан.
Басылымның жазуынша, яхта 2020 және 2021 жылдары екі рет Сочиге барып келген. Ол қалада Путиннің резиденциясы бар, Ресей президенті ол жерде көп уақыт өткізеді. Басылымның жазуынша, яхтаның президентке қатысы бар екенін экипаж мүшелерінің бірі айтып берген.
Навальныйдың командасы яхта экипажы мүшелерінің тізімін тапқан. Ішінде капитанынан басқасы Ресей азаматы болып шықты. Бұған қоса, боцман, оның көмекшілері және бірнеше күзетші Ресей федералдық күзет қызметінің өкілдері болған. Көбінің жұмыс орны ретінде Сочидегі федералдық күзет қызметі әскери бөлімшесінің мекенжайы көрсетілген.
Мұның алдында кеме капитаны Гай Беннет-Пирс "Шахерезаданың" иесі Путин емес екенін, оның яхтаға мүлде кірмегенін айтқан және иесін атаудан бас тартқан.
Яхтаның Путинмен байланысы бары анықталған жағдайда оған шек қойылуы мүмкін, себебі Еуропа одағы Ресей президентінің өзіне санкция салған. Қазір суперяхта Тосканадағы Марина-ди-Каррара портында жөндеуден өтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР