25 наурызда күштік құрылымдар қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайының басып алынуына" байланысты қозғалған іс бойынша белсенді Әйгерім Тілеужанның үйіне тінту жүргізді. Бұл жөнінде белсенді Арайлым Назарова хабарлады.
"Әйгерім Тілеужанова пәтерінде тінту бітіп, жеке заттарын алып кетті. Қаңтар оқиғасында "әуежайды басып алу" істің аясында ертең 10:00-ға Әйгерімге қалалық прокуратураға шақырту қағазын берді" деп жазды Назарова Facebook парақшасында.
Онда Алматы қалалық тергеу сотының тінту жүргізуге берген рұқсат қағазы да жарияланған.
Ондағы ақпаратқа сәйкес, Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел тергеу тобы "Терроризм" бабы (255-бап 4-бабы) бойынша істі жүргізіп жатыр.
Сот қаулысында 5 қаңтарда сағат 20:00 шамасында Алматы әуежайына 35-45 адамның кіріп келгені жазылған. Келгендердің біреуінде полиция қалқаны, біреуінде өрт сөндіргіш, одан бөлек тағы үш резеңке таяқ болғаны айтылады.
Қылмыстық іс аясында әуежайға орнатылған бақылау камераларынан видеожазбалар алынып, тексерілген. Соның нәтижесінде "ғимараттағы тәртіпсіздік кезінде ішке кірген адамдардың қарама-қайшы әрекетін қолдаған" адамдар анықталған. Тергеу өкілдерінің болжамынша, арасында Тілеужанова да бар.
26 наурызда таңертең белсенді Әйгерім Тілеужанованың телефоны сөндірулі тұрды. Азаттық прокуратура өкілдерінен де жауап ала алмады. Белсенді Арайлым Назарова 26 наурызда түсте Азаттыққа "Әйгерімнің телефонын кеше тінту кезінде алып кеткен. Бүгін "әуежайды басып алу ісі" аясында куәгер ретінде прокуратураға адвокатымен кіріп шықты" деді ол.
Кейбір қолданушылар қамауға алынған белсенді Жанболат Мамайдың ісін де алға тартып, елде "белсенділерді қудалау басталды" деп топшылады.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты.
- Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының басып алынғаны да хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайды әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауына тура келген. 6 қаңтарға қараған түні әуежайдың "бүлікшілерден тазартылғаны" айтылды. Әуежай жұмысы 13 қаңтарда қайта қалпына келген.
ПІКІРЛЕР