Қазақстанда халықтың басым бөлігіне коронавирусқа қарсы Pfizer екпесін салдыруға рұқсат бергені кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ұсталғанымен байланысты емес. 29 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай деп мәлімдеді.
– Еш қатысы жоқ. Ол азаматтың (кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың - ред.) компаниясы "Спутникпен" байланысты ғой. Ал Pfizer'ге еш қатысы жоқ. Бізде қазір [Pfizer'дің] 2 млн-нан аса дозасы бар. Сол себепті азаматтардың оны салдыруға толықтай мүмкіндігі бар, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Ералы Тоғжанов.
Өткен аптада үкімет сайты Қазақстанда Pfizer вакцинасын салдыра алатын азаматтар категориясы кеңейгенін, енді оны ревакцинация алғысы келетін азаматтар да салдыра алатынын хабарлаған. Мұндай ақпарат коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" екпесін Қазақстанда шығарумен айналысқан Қарағанды фармацевтика кешенінің иесі Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев ұсталғаннан кейін пайда болған. ДДСҰ мақұлдамаған ресейлік "Спутник" екпесі індет ушыққан кезде Қазақстанда коронавирустан қорғауы тиіс негізгі екпе саналды. Кейбірі Нұр-Сұлтанды халықаралық дәрежеде тиімділігі мойындалмаған "Спутник" екпесін сатып алды, нарық заңына сай ең тиімді вакциналарды таңдаған жоқ деп айыптаған.
Қазақстанда батыс компаниялары әзірлеген Pfizer вакцинасы бұған дейін шектеулі топ өкілдеріне ғана рұқсат етілген еді.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазіргі кезде елде вакцина алуы тиіс азаматтардың 80 пайызына коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, "бұл ұжымдық иммунитет қалыптасты" деп тұжырымдауға негіз береді. Сол деңгейді сақтап қалу мақсатында Pfizer'ді жаппай салуға рұқсат берілген.
ПІКІРЛЕР