Accessibility links

Еуропа елдері Ресей дипломаттарын қайтарып жатыр


Ресейдің Берлиндегі елшілігі
Ресейдің Берлиндегі елшілігі

Германия Ресейдің Берлиндегі дипломатиялық өкілдігінде жұмыс істейтін 40 қызметкерді персона нон грата деп жариялады. Олардың бәрі Германиядан кетуге тиіс.

Бұл шешімді Германия Сыртқы істер министрі Анналена Бербок "Ресей дипломаттары әрбір күні адам бостандығына, қоғамға қарсы жұмыс істеді" деп түсіндірді.

Анналена Бербок "Киев түбіндегі Буча қаласында шашылып жатқан мәйіт суреттері Ресей басшылығының украиндарға асқан қатыгездік жасап, жауыздық көрсетіп жатқанын білдіреді" деді.

Германия Сыртқы істер министрі Мәскеуге санкцияны қатайта түсуге, НАТО-ның шығыс қапталын нығайтуға уәде берді.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 40 дипломаттың Германиядан шығарылғаны жауапсыз қалмайтынын айтты.

Германияда Ресейдің 104 дипломаты аккредитацияланған.

Франция да Ресей дипмиссиясының қызметкерлерін шығарып жіберуге кірісті. Француз БАҚ-тарының мәліметіне қарағанда, Франциядан Ресейдің 30 дипломаты кетеді. Париж Ресей дипломаттарының әрекеттері Франция қауіпсіздігіне қайшы келеді деп санайды.

Ресей сыртқы істер министрлігі Парижге де жауап шара қолданбақшы.

Дүйсенібі, 4 сәуірде Литва да Ресеймен дипломатиялық қатынасын шектей бастады. Вильнюс Мәскеудегі елшісін шақырып алып, Литвадағы Ресей елшісін қайтаруға шешім қабылдады.

Ресей Сыртқы істер министрлігі "екі жақты қарым-қатынастарға нұқсан келтіретін жаудың әрекетін жасап отыр" деп Литваны айыптады.

Литваның ізімен Латвия да сондай шешім қабылдады.

2 сәуірде Киев түбіндегі Буча қаласында жүздеген бейбіт адамның мәйітін шашылып жатқаны туралы хабар тарай бастаған. Бұл қаланы бір айдан астам Ресей әскері басып алып, бақылауында ұстаған еді. Ресей әскері кеткен соң қалаған Украина әскері кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG