Accessibility links

Алматы облысында әкімдік пен полиция ғимаратын басып алмақ болды деген 11 адам ұсталды


Алматы облыстық әкімдігінің өртенген ғимараты. Талдықорған, 12 қаңтар, 2022 жыл
Алматы облыстық әкімдігінің өртенген ғимараты. Талдықорған, 12 қаңтар, 2022 жыл

Алматы облысының полициясы Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық әкімдік пен полиция ғимаратын басып алмақ болды деген күдікпен 11 адамның ұсталғанын хабарлады. Полиция мәліметі бойынша, 20-39 жас аралығындағы күдіктілерді полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері "облыстың түрлі аймақтарынан" ұстаған.

Күдіктілерден атыс қаруы, қорғаныс құралдары және оқ-дәрі тәркіленген. "Тәркіленген қару-жарақ пен мүлік қалалық және облыстық полиция ғимараттарына шабуыл кезінде ұрланған" делінген Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция мәліметі бойынша, күдіктілердің үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша іс қозғалған.

Ақпанда бас прокуратура Алматы және Жамбыл облыстарындағы полиция департаменттерінің қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталған ғимараттардан кетіп қалғанын айтқан. Мекеменің мәліметі бойынша, соның кесірінен 1,5 мыңға жуық қару қолды болған.

  • Қаңтар оқиғалары бойынша қозғалған істер бойынша кемінде 152 адам сотталды, олардың 17-сі түрме жазасына кесілді. Бас прокуратура мәліметі бойынша, кінәсін мойындап, шығынның орнын толтырған 135 адам бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыс сияқты жаза алды.
  • Биліктің мәліметі бойынша, 2022 жылғы қаңтардың басында тұрмыстың нашарлығына байланысты бүкіл елді қамтыған наразылық соңы бүлік пен зорлыққа ұласып, кем дегенде 230 адам қаза тапты. Бұған қоса, уақытша қамау изоляторларында жатқан сегіз адам "рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану" кесірінен қаза тапты.
  • Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау сияқты баптармен қамауға алынды. Тұтқындағылардың біразы абақтыда зорлық-зомбылық болғанын айтты. Қамалғандардың туыстары мен адвокаттарының айтуынша, әсіресе Талдықорғанда ұрып-соғу көп болды. Билік өкілдері абақтыдағы зорлық бойынша 200-ден астам іс қозғалғанын, соның аясында ҰҚК-нің 8 қызметкері мен бір полицей қамалғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG