Дүйсенбі, 18 сәуірге қараған түні Түркия әскері Ирактың солтүстігінде Күрдістан жұмысшы партиясының (КЖП) қарулы топтарына қарсы жаңа операция бастады. Бұл туралы Түркияның қорғаныс министрлігі хабарлады.
Алдымен Түркияның әскери ұшақтары мен артиллериясы КЖП-ға тиесілі нысаналарға шабуыл жасаған, одан кейін шекара түбіндегі аумаққа жаяу әскер кірген. Бұл туралы Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар мәлімдеді.
Акардың сөзінше, Түркия әуе күштері КПЖ-ға тиесілі жасырын орындар, бункерлер, үңгірлер, қару-жарақ қоймалары мен штаб-пәтерге "сәтті" шабуылдаған. Бірақ ол бұл операцияға қанша сарбаз бен ұшақ жұмылдырылғанын айтпады. Ирактың солтүстік бөлігінде орналасқан күрд қарулы топтары әлі ешқандай мәлімдеме жасамады.
Кейінгі ондаған жылда Түркия күштері КПЖ-ға қарсы әуеден шабуылдап, құрлықта бірталай трансшекаралық операция жүргізген. Түркия қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, осы шабуыл Ирактың Метина, Зап және Авашин-Басъян дейтін үш ауданын қамтыған.
1984 жылы КПЖ Түркияның күрдтер көп тұратын оңтүстік-шығыс бөлігінде партизандық іс-қимылдар бастағаннан бері ондаған мың адам қаза тапты. Түркия, АҚШ және Еуропадағы бірқатар ел КПЖ-ны террор ұйымы деп таныған.
ПІКІРЛЕР