Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы төрт бақылау-өткізу пунктінде көлік кептелісі пайда болды


Қазақ-қырғыз шекарасы. Көрнекі сурет.
Қазақ-қырғыз шекарасы. Көрнекі сурет.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы төрт бақылау-өткізу пунктінде көлік кептелісі пайда болды. Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, 20 сәуір таңертең төрт пунктіде тұрып қалған жүк көліктері 300-ден асқан. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, ең ірі кезек "Ақ-Тілек" (Қазақстан жағынан алғанда "Қарасу-автожол") бақылау-өткізу пунктінде қалыптасқан. Мұнда шамамен 180 жүк көлігі тұр. "Чон-Капка" ("Айша-бибі - автожол") пунктінде – 60 шақты, "Чалдыбарда" ("Сыпатай батыр – автожол") – 35, "Кен–Булунда" ("Ауқатты – автожол") – 30 жүк көлігі тұр.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, көлік кептелісіне Қазақстан тарабының көліктерді "баяу өткізуі себеп". Кейде Қазақстан жағы "көліктерді мүлде өткізбей, тоқтатып тастайды" дейді ведомство өкілдері. Қырғызстан экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев Қазақстан "ақпан айында премьер-министрдің сапары барысында ЕАЭО аясында қол жеткен келісім мен келіссөз шарттарын біржақты түрде орындамай отыр" деп мәлімдеген.

Қазақстан жағы әзірге көлік кептелісіне байланысты түсініктеме бермеді.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік кептелісі жиі пайда болады. Кей кезде кезектің ұзындығы бірнеше шақырымға созылып кетеді. Шекарада бақылаудың күшеюі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға жиі негіз болады. Осыған дейін дау Дүниежүзілік сауда ұйымына да жеткен.

Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше, ұйым мүшелері арасында еркін тауар тасымалдау туралы келісім бар. Ал іс жүзінде оған мүше елдер бір-біріне шектеу шараларын қолданып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG