Accessibility links

Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қамау мерзімі ұзартылды


Қайрат Сатыбалды.
Қайрат Сатыбалды.

Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қамау мерзімін бір айға ұзартты. Бұл жөнінде 13 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарықұлов хабарлады.

Ведомство өкілдері сонымен бірге тергеу амалдары жалғасып жатқанын, өзге ақпарат жарияланбайтынын айтты.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, 10 мамырда астана тергеу соты экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаевтың да қамау мерзімін бір айға созған.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 13 наурызда "Қазақтелекомның" қомақты қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыны шетелге ұшпақ болып тұрғанда ұстап, уақытша қамау изоляторына қамаған.

Агенттік ол кезде "Қайрат Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр" деп хабарлаған.

Наурыздың ортасында Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша тергеу басталғанын хабарлаған. Күдікті тергеу изоляторына қамалған.

Қайрат Сатыбалды — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.

Ол 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан теміржолы" компаниясының бірінші вице-президенті болған. 2010-2015 жылдары ағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған "Нұр Отан" партиясында хатшы болды.

Бизнесмен Қайрат Боранбаевтың ұсталып, екі айға қамалғаны наурыз ортасында белгілі болған. Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды. Ол елдегі ірі қонақ үйлері мен сауда орындары және өзге де ірі нысандардың иесі.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындары мен айналасындағы шенеуніктер мен кәсіпкерлер түрлі себеппен қызметтерінен шеттетіліп, ықпалынан айырыла бастаған.

XS
SM
MD
LG