Шымкентте қаңтар оқиғасында басы мен кеудесіне оқ тиіп қайтыс болған Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны 18 жастағы Ерлан Аязды қалалық прокуратура “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен “күдікті” деп таныды. Бұл жөнінде прокуратура қаулысы 7 сәуірде шыққанымен анасына 13 мамырда таныстырылған.
Ерлан Аязды күдікті деп тану туралы қаулыны қалалық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасы шығарған. Онда 5 қаңтарға қараған түні белгісіз адамдар тобы алдын-ала сөз байласып, қала әкімдігі мен Көрме орталығы алдында қызметтік міндетін атқарып жүрген билік өкілдеріне қарсы әрекет еткені жазылған. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің “Терроризм актісі” бабын қосқанда бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалғанын, кейіннен “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен сараланып, бір іске біріктірілгені көрсетілген. Ерлан Аяздың сүйегі 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні қалалық балалар ауруханасына жеткізілгені айтылған.
«Ерлан Аяз өзінің қылмыстық құқық бұзушылыққа бағытталған ойы ауыр зардаптарға әкеп соғатынын біле тұра қасақана адамдар тобымен бірге жаппай тәртіпсіздікке қатысқан». Полицейлер мен әскерилерге “зорлық-зомбылық көрсетіп, қызметтік және жеке автокөліктерді, мемлекеттік ғимараттарды қиратып, өртеп жаппай тәртіпсіздікке қатысқан”. Осы кезде белгісіз қарудан оқ тиіп, қайтыс болған деп жазылған құжатта.
Марқұмның анасы Жазира Тұрдықұлова прокуратураның бұл айыбымен келіспейді.
- Қарсымын. Күдікті болуы мүмкін емес. Айыппен келіспей сотқа шағым түсірсеңіз, балаңыздың сүйегін эксгумация жасауы мүмкін деді. Бес ай өткенде баламды күдікті деп танып отыр. Келіспеймін, шағымданамын, - дейді Тұрдықұлова көзіне жас алып.
Шымкентте қаңтар көтерілісі кезінде оққа ұшқан Ерлан Аяз Көкшетаудағы колледждің 3-курсында оқыған. Тәжірибеден өтуге ауылға келіп, Шымкентте уақытша жұмыс істеген. Оның сүйегін туыстары 7 қаңтарда мәйітханадан тапқан.
Шымкентте қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтарда өтті. Бейбіт митингінің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оқиға кезінде 120-дан аса адам түрлі дене жарақатын алып ауруханаға түскен. 20 адам қайтыс болды.
Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Олардың басым бөлігі ешқайда кетпеу туралы қолхат және үйқамақпен босатылды.
Бүгінге дейін Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты “Ұрлық” және “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен іс сотқа жеткен, оның ішінде “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен алты адам үш жылға шартты жазаға тартылды.
ПІКІРЛЕР