Хедерлез – Қырым татарлары жылда көктемде егін салғаннан кейін атап өтетін үлкен мереке. Жылдар бойы ән салып, би билеп тойланып келген мереке Қазақстандағы Қырым татарлары үшін депортация құрбандарын еске алу күніне айналған. Бұл күні Қырым татарлары туыстарының зиратына барып, үй-үйді аралап, қонақ болып, өмірден өткендерді еске алады.
Қырым татарларын депортациялау 1944 жылғы 18 мамырда Қырым түбегі неміс фашистерінен аза етілгеннен кейін басталған. Совет билігі үш күнде 240 мыңға жуық адамды, негізінен, кәрі-құртаң кемпір-шал, әйелдер мен балаларды Қырымнан күштеп жер аударды. Оларға "фашистерге болысты" деген айып тақты. Адамдарды мал мен зат таситын вагондарға тиеп, Сібір мен Орта Азияға жөнелтті. Атажұртынан күштеп көшірілген Қырым татарларының көбі Өзбекстанға депортацияланды, қалғандары Ресейдің орталық аймағына, Тәжікстан мен Қазақстанға тұрақтаған. Совет үкіметі 1957 жылға дейін Қырым татарларын жеке халық ретінде атап көрсетуге тыйым салды.
1940-жылдардың аяғында Қырым татарлары отбасымен темекі өндірісі қарқынды дамып, жұмыс күшіне мұқтаж Қазақстанның Алматы облысына қоныс аударған. Темекі өсіретін совхоз (Табаксовхоз, қазір Талғар ауданындағы Панфилов ауылы) тез кеңейіп, аз уақыт ішінде миллионер-совхозға, яғни, қазынаға миллиондаған табыс әкелетін ірі шаруашылыққа айналған. 1980-жылдардың аяғында совет билігі Қырым татарларының депортациясын заңсыз деп тауып, күштеп көшірілген азаматтарға атамекеніне қайтуына мүмкіндік берген. 1990-жылдары темекі өндірісі тоқтап, Қырым татарларының барлығы дерлік Қырымға оралған. Ал Қазақстанда қалғандары жыл сайын 5 мамырда ата-бабасының басына барып, өз халқының басынан өткен қасіретке толы депортация жылдарын еске алады.
"ӘКЕМ 18 МАМЫРДА ІШІП КЕЛІП, ЖЫЛАЙТЫН"
5 мамырда таңертең суық жаңбыр жауып, шелектеп құйған жауын кешке дейін толастамайтындай көрінді. Қазақстанда туып-өскен Қырым татары Урие Курташировамен бірге Панфилов ауылындағы (бұрынғы Табаксовхоз) зиратқа бара жатырмыз. Урие Алматыда тұрады, бірақ ата-анасының үйін қараусыз қалдырмай, ауылдастарымен көрісу үшін ауылға жиі келеді.
Уриенің ата-анасы өмірден озғанымен, олардың көзін көрген достары мен көршілері тірі, бәрі осы ауылда тұрып жатыр. Уриенің көлігінің ішіндегі айнаға Қырым татарларының тарақ таңбалы туы мен қос лента (олардың біріне қазақ оюы бедерленген, екіншісі – Украина туымен түстес) ілінген.
– Қырымда тұратын татарлар "референдумға" барған жоқ. Ресей Қырымды аннексиялағаны үшін әдейі солай жасады. Әрине, "зомби-жәшіктен" дауыс беріп жатқан Қырым татарларын көрсетті ғой, бірақ шын мәнінде татарлардың 99 пайызы "референдумға" қатыспады. Адамдар "заңсыз референдумға қалай қатысамыз?" деді. Ресей әскері басқа мемлекеттің жеріне кіріп, халыққа автомат кезеніп тұрып "референдум" өткізсе, бұл жерде қандай заңдылық болуы мүмкін? – дейді Урие.
Зират басында адам аз: қатты жауынға байланысты ас берілмейтін болған, бірақ кей тұрғындар туыстарының моласын ретке келтіріп, маңайын тазалауға келген. Бір кездері Табаксовхозда отызға жуық ұлт өкілі: қазақтар, украиндар, Қырым татарлары, орыстар, гректер, болгарлар мен немістер тұрған. Сондықтан бұл ауылдағы зиратқа мұсылмандар да, лютерандар да, православтар да жерленген.
Зират ішімен Қырым татарлары жатқан жерге келе жатырмыз: бір қатарға ер адамдар, екіншісіне әйелдер жерленген. Қырымда туған азаматтардың басына қойылған тастарға "Аджиева Асие, г. Ялта, д. Никита" деп туған жері жазылған. Соған қарағанда, адамдар өзі өмірден өтсе де, туған жері мен шыққан тегін артында қалған ұрпағы ұмытпағанын қалаған сияқты.
– Депортациядан кейін Қырым татарлары қатты қысым көрді: оларға құлшылық жасауға, ұлттық, діни мерекелерін атап өтуге, салт-дәстүрін ұстануға тыйым салды. Халық кездесіп, бас қосу үшін Хедерлез мерекесінде өмірден өткен азаматтарды еске алуға зиратқа жиналатын болған. Бұған тіпті совет билігі де тыйым сала алмаған. Кейін осылай жиналу дәстүрге айналып кетті. Қазір адамдар зиратқа келіп, құран оқып, жерге дастархан жайып, марқұмдарды еске алады. Қазақстандағы Қырым татарлары осылай жасайды, – дейді Урие.
Зират қақпасының алдынан қолында тәтті салынған қорабы бар қыз кездесті.
– Дәм татып, біздің адамдарды еске алыңыздар. Бүгін халық жиналатын шығар деп келіп едік, ауа-райы ол жоспарымызды бұзды, – деді ол.
Қарақат қосылған бәліш өте дәмді екен.
Үйіне келген соң Урие Курташирова маған кофе берді. Қырым татарлары үшін кофе қазақтың шайы сияқты, кофесіз әңгіме айтылмайды. Сондықтан үйге мейман келсе, міндетті түрде кофе қайнатылады. Урие Қырымнан әкелген кофесін демдеді. Кофе қаптамасының сыртына "Qirum qavesi. Қырым кофесі" деп жазылған.
– Қырымға кофені алғаш апарған адамдар оны өте қымбат бағада сатқан. Кофені тек бай адамдар ғана ішкен. Сондықтан қонаққа кофе ұсыну үлкен мәртебе, зор құрмет саналған. Уақыт өте келе кофе күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналып, Қырым татарлары қонақты кофе бермей қайтармайтын болды, – дейді үй иесі.
Урие кофе ішіп отырып, өз отбасының қалай депортацияланғанын айтып берді.
– Ол кезде Қырым татарларының отбасында төрт-бес баладан болған. Депортация кезінде жиналуға бар-жоғы 15 минут уақыт берген. Әжем қолына балалары мен Құран кітабын ғана алып үлгеріпті. Осылай бүкіл құжаттары жоғалып кеткен. Әжем көпбалалы ана болған, алты баласымен жолға шыққан. Екі баласы жолда өлген. Әкем де алты балалы отбасынан шыққан. Оның да екі бауыры жолда қайтыс болған. Бұрын депортация туралы көп айтылмайтын, бірақ үйде ата-анамыз басынан өткен тауқыметін жиі еске алып отыратын. 18 мамырда әкем ішіп келіп, жылайтын. Әкемнің депортацияға дейін отбасымен түскен суреті бар. Ол осы суретке қарап, "Халық жауын қайдан көріп тұрсыңдар?" Мен не істедім? Бауырларым мен әпке-қарындастарым не істеді? Мұндайды қалай ұмытамыз?" деп жылайтын.
"МАҢДАЙЫНДА МҮЙІЗІ БАР АДАМЖЕГІШТЕР"
88 жастағы Шемсие Әлиева – Табаксовхоздағы ең қарт әже. Ол фашистердің Қырымды басып алуына, Севастополь үшін шайқасқа және 1944 жылғы депортацияға куә болған. Біз кездескен күні Шемсие Әлиеваға бұрын темекі өндірісінде бірге істеген ескі досы Зере Ибрагимова қонаққа келді. Үй иесі бірден дастархан жайып, кофе дайындауға қамдана бастады. Зере әже кофе дәнін түйіп, қайнатып жатқанда, Шемсие әже Қырымдағы балалық шағын еске алды.
– Соғысты ұмытқан жоқпын. Немістер үйімізде тұрды. Мысалы, мына бөлме біздің еншімізде болса, бір бөлмеден кейінгі жерде үш жауынгер тұрды. Олар бізге тиген жоқ, тіпті, апта сайын берілетін тамағына дейін ортаға қойып, бөлісті. Шоколад, кәмпитін берді. Біреуі бойы аласа, жас жігіт еді. Қолымен "жиырма бір жастамын" деп көрсететін. Қалған екеуі – жасы үлкен, үйленген адамдар. Құдай сәтін салып, бізге жақсы адамдар жолықты, өйткені басқа үйлерде тұрған немістер қатал болды.
– Немістердің Қырымда қалай өмір сүргенін анам да айтып отыратын. Олар әртүрлі болған: біреулерге жақсы, басқаларға жаман қараған. Әркімнің бағына қарай. "Үйіңізде тұрсақ бола ма?" деп ешкім сұраған жоқ. Басып кірді, болды. Қарттар мен әйелдер оларға қарсы не істей алады? – дейді Зере Ибрагимова.
Қырым татарлары мен грек, болгар, армян халықтарын депортациялаудың ресми себебі түбектің фашистер қолына өтуі деп көрсетілген. Жергілікті халық жауға көмектесіп, сатқындық жасады деген күдікке ілінген. Қара тізімге енген қарттар, әйелдер мен балалар этаппен туған жерінен мыңдаған километр жыраққа көшірілген. Ол кезде ерлердің бәрі майданда болған.
– Таңсәріде автомат асынған жауынгерлер келіп, "15 минутта жиналып, үйден шығыңдар!" деп бұйырды. Әр адамға алты келі ғана зат алуға рұқсат берді. Үйден шықсаң, қайта кіргізбейді. Бір танысымызды жолдан ұстап әкетіпті, олар "ештеңе алып үлгермедік" деп жылады. Әпкем "Ана жерде үйіміз тұр, бар да, қолыңа ілінгенді ала бер" деді. Мені де бірлі-екілі киім алып келуге жіберді. Ол кезде кішкентай едім, не істерімді білмей, сыпыртқы мен сабаннан тоқылған сөмке алып келдім, – дейді Шемсие Әлиева.
Шамсиенің отбасы Қырымнан Өзбекстанға мал таситын вагонмен 18 күнде әзер жеткен.
– Вагонның іші өте тар болды, бір-біріміздің үстімізге мінгесіп отырдық. Біз келердің алдында өзбектердің арасында "Қырымнан маңдайында мүйізі бар адамжегіштер келе жатыр екен" деген сыбыс тарапты. Сондықтан басында жергілікті халық бізден қорқып-үркіп жүрді. Кейін көзі үйренген соң, бізбен жақсы араласып, үйіне қонаққа шақыра бастады. Кейін Қазақстаннан адамдар келіп, темекі алқабына жұмысқа шақырды. "Қазақстанда аштық жоқ, аста-төк молшылық" деп қызықтырды. Келсек, не су, не тамақ, не баспана жоқ. Өзеннен су тасып, балшықтан соғылған үйді паналадық. Шағын бөлменің әр бұрышында бір отбасы тұратын. Кейін біртіндеп үй сала бастады. Көбі жағдайдың жоғына қиналып, қайтадан Өзбекстанға көшіп кетті. Апта сайын комендатураға барып, "бәрі осында, ешкім қашып кеткен жоқ" деп белгіленіп жүрдік. Бір күнге немесе жарты сағатқа кешіксең, 15 күнге қамайды. Басқа ауылға көшу үшін де рұқсат алу керек. Сталин өлгеннен кейін ғана комендатураға бармайтын болдық, – дейді қарт әйел.
– Сталиннің қазасын қалай қабылдадыңыздар?
– Қуандық, әрине! Сталин адамдарға күн бермеді ғой!
Шамсие Әлиеваның туыстары 1990-жылдары Қырымға көшкен. Шамсиенің әжесі де атажұртына оралғысы келген, бірақ ата-бабасы тұрған жерден үй сатып алуға ақшасы жетпепті.
– Балалармен бірге барып, үй қарадым. Бірақ біз тұрған жақтан емес, далалы өңірден іздедік. Ал біз теңіз жақта – Севастопольден 16 километр жерде тұрдық. Түнде Севастопольді бомбалаған кезде аспанға қарасақ, өрттен қып-қызыл болып тұратын. Жақында ұлым келді, "Қырымға барғың келе ме?" деп сұрады. Билет 300 мың теңге екен. "Денсаулығым жараса, 500 мың теңге болса да, барар едім" дедім.
Кешке қарай қатты нөсердің арты сіркіреген жаңбырға ұласты. Алматыға қызыл кілемдей жайқалған көкнәр алқабымен өтетін әдемі жолмен қайттым. Табаксовхоз тұрғындарының "Атажұртына оралған Қырым татарлары Қазақстанның осындай әдемі табиғатын аңсайды" дегені есіме түсті. Елде қалған Қырым татарлары атамекеніне оралғысы келеді. Алматыға қайтар жолда сөйлескен Қырым татары әңгіме арасында "Бізді, татарларды ғана "Қырым кімдікі?" деген сұрақ мазаламайтын шығар. Өйткені қайда жүрсек те, Қырым біздікі болып қала береді" деді.
ПІКІРЛЕР