Мәскеу мен Киев арасында тұтқын алмасу мәселесі Украинаның Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын тастап шыққан жауынгерлерін соттаған соң ғана қозғалуы мүмкін. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко мәлімдеді.
"Барлық мәселені тұтқынға түскендерге лайықты жаза кесілген соң ғана қарастырамыз, оған дейін айырбас туралы сөз қозғауға ерте" деді Руденко.
Мариупольдегі "Азовстальді" екі айдан аса Ресей әскеріне бермей ұстаған Украина жауынгерлері өткен аптада зауыттан шыққан. Оларды ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аумаққа әкеткен. Осыдан соң Ресей мен Украинаның тұтқын алмастыру мәселесі жиі сөз бола бастаған.
Украина президенті Владимир Зеленский Украина жауынгерлерін Мариупольден эвакуациялау және кейін Ресей тұтқындарына айырбастау жөнінде халықаралық ұйымдармен келісім болғанын айтқан. Ресей бұл жөнінде ештеңе айтқан жоқ. Кремльшіл басылымдар Ресей билігін оларды соттауға шақырып жатыр. Өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған сепаратистік "ДХР" басшысы Денис Пушилин "Украина жауынгерлері әскери трибуналға тартылатыны сөзсіз" деп мәлімдеген.
Ресей қорғаныс министрлігі "2,5 мың жауынгер тұтқынға түсті" деп есептейді. Олардың кейінгі тағдыры беймәлім. Reuters пен Ресей БАҚ-тары сепаратистік "ДХР" бақылауындағы түзеу колониясына әкеткенін хабарлаған.
"Азов" полкі командирі Денис Прокопенконың әйелі Катерина олармен телефонмен арқылы сөйлескенін, "Азовстальден" шыққан украин тұтқындарының жағдайы қалыпты екенін айтқан. Прокопенко жаралылардың көпшілігі Еленовкадағы түрмеде екенін, ауыр жаралылардың Новоазовск ауруханасында қалғанын ескерткен.
"Олардың телефонмен сөйлесуіне халықаралық Қызыл крест ұйымы септігін тигізген" деп жазады Британияның The Guardian газеті. Прокопенко еркін сөйлесе алды ма, жоқ па белгісіз. Өйткені жағдайларын егжей-тегжейлі айта бастағанда телефон байланысы үзілген.
ПІКІРЛЕР