Accessibility links

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барды, алайда ЕАЭО форумына онлайн қатысады


Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев
Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 26 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барды. Бұл жөнінде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Бішкек қаласындағы халықаралық әуежайдан Қазақстан президентін Қырғызстан министрлер кеңесінің төрағасы - Қырғыз Республикасы президенті әкімшілігінің жетекшісі Ақылбек Жапаров бастаған топ күтіп алды" деп хабарлайды Тоқаевтың баспасөз қызметі.

Бүгін Бішкекте Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) алғашқы экономикалық форумы басталды. Түстен кейін ұйымға мүше мемлекет басшыларының пленарлық отырысы онлайн-режимде өтеді.

"Отырысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта қатысады, Армения, Беларусь, Ресей басшылары Бішкекке келген жоқ" деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің ақпаратына қарағанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келіссөз өткізіп, екіжақты құжаттарға қол қояды.

Бұған дейін Қырғызстан министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Арзыбек Кожошев екі мемлекет басшысының кездесуінде шекарадағы жүк тасымалының проблемалары сөз болатынын хабарлаған.

Биыл сәуір айында Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ - Тілек" кеденінде жүк көліктері ұзақ-сонар кезекке тұрып қалған. Бішкек "Қазақстан Еуразия экономика одағының жүк тасымалы жөніндегі шартын орындамай отыр" деп есептейтінін білдірген. "Ақ - Тілек" кеденіне екі ел үкіметі төрағаларының орынбасарлары келген соң ғана кезек азайған.

Алайда мамыр айында Қазақстан Қырғызстанмен арадағы контрабанда көбеюіне байланысты жүк көліктеріне бақылауды күшейтетінін мәлімдеген.

Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы жүк тасымалы мәселесі жиі қайталанатынымен есте қалған. Түрлі жағдайларға байланысты Қазақстан Қырғызстанның жүк көліктеріне тексерісті күшейтіп, кейде шекараны жауып тастайтыны байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG