Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін туындаған азық-түлік тапшылығы, оның қымбаттығы және тыңайтқыш тапшылығынан әлемде аштыққа ұшырайтындар 18 млн-ға көбейіп, 218 млн-ға жетеді. Бұл әлем халқының шамамен үш пайызы. Италияның Corriere della Sera басылымына берген сұхбатында БҰҰ өкілі Маурицио Мартина осылай деп мәлімдеді.
"Дағдарыс басталғанға дейін 2021 жылы әлемде аштыққа ұшырағандар артып, 200 млн-ға жеткен. Олар әлемнің 53 елінде тұрады. Қазіргі қақтығыс аштық жағдайын онан сайын ушықтырады" деді Мартина.
БҰҰ болжамы бойынша, Украина порттарында 6 млн тонна астық және шамамен 14 млн тонна жүгері тұралап қалған. 55 дамыған елдің кемінде 36-ы Украина және Ресей бидайына тәуелді.
Мартинаның айтуынша, БҰҰ Украина астығы мен жүгерісін Румынияға жүк көлігімен жеткізу мәселесін қарастырып жатыр. Ол жақтан астық Дунай арқылы жөнелтіледі. Алайда оны соғысқа дейін тасымалданған астық көлемімен салыстыруға келмейді.
БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының директоры Дэвид Бизли осыған дейін Украинадағы дағдарысқа байланысты әлемде аштыққа ұшырағандар 276 миллионнан 323 миллионға жетеді деп болжаған.