Accessibility links

"Жаңа, әділетті" Қазақстанды сөз еткен Тоқаев референдумда мәжбүрлеу болғанын жоққа шығарды


Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум өткен күннің ертеңіне, 6 маусымда халыққа үндеу жасап, "дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ" деп мәлімдеді.

Тоқаевтың бұл сөзі тәуелсіз бақылаушылар мен кейбір саясаттанушылардың "дауыс беру кезінде әкімшілік ресурстар қолданылды, референдум учаскелерінде хаттамаларды көрсетпей бақылаушыларды шығарып жіберді" деген түрлі ақпараттары көбейген тұста айтылды.

Тоқаев "адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді" деп мәлімдеді.

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау органдары қамалғандарды азаптағаны жиі айтылып, оны биліктің өзі де мойындағанымен әзірге азаптағандар жауапқа тартылмаған.

Тоқаев Қазақстанды "дамытудың нақты шешімдерін қыркүйек айында өтетін парламенттің кезекті сессиясының ашылуында" айтпақ.

Билік конституцияға енгізілетін өзгерістер "суперпрезиденттік басқару жүйесінен күшті парламенті бар президенттік басқару жүйесіне өтуге бағытталған" деп мәлімдеп келеді. Алайда саясаттанушылар мен қоғам белсенділері конституцияға референдум арқылы енетін өзгерістер - парламентті күшейтпейді, саяси жүйені демократияландыра алмайды деп санайды.

Тәуелсіз саяси шолушылар пікірінше, референдум биылғы Қаңтар оқиғасына жеткізген қоғамдық көңіл күй температурасын түсіру үшін жасалған. Қаңтар оқиғасындағы жаппай наразылық дүрбелеңге ұласып, әскер мен полицияның күштеп басуы салдарынан 238 адам өлген еді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз атуға бұйрық бергенін көпшілік алдында айтқан. Сарапшылар референдумды Тоқаевтың келесі президенттік сайлауға дайындығы деп қарастырады. Халықаралық басылымдар Тоқаев екінші мерзімге қайта сайлану үшін саяси ұпай жинағысы келеді деп жазып жатыр.

Тоқаев үндеуінде елдің "мол байлығын иеленген шағын топ" туралы тағы да айтып, "оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет" деді.

Бұған дейін Тоқаев Қаңтар оқиғасының басты себептерінің бірі – бай мен кедей арасындағы әлеуметтік, экономикалық ахуалдың қатты алшақтағаны деген еді. Ол Қазақстан байлығының жартысын 162 адам иеленіп отырғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG