Accessibility links

ВВС сайты Ресейдің Украинамен соғыста өлген төрт мың жауынгерінің аты-жөнін анықтады


Украина жерінде қираған Ресей танкілері. (Архив фото)
Украина жерінде қираған Ресей танкілері. (Архив фото)

Би-би-си журналистері 24 маусымға дейін ашық ақпарат көздері арқылы Ресейдің Украинамен соғыста өлген 4010 жауынгерінің аты-жөнін анықтағанын хабарлады. Бұл статистикаға соғысқа еріктілер ретінде аттанған Ресей азаматтары да кірген.

Журналистер еріктілердің күрт көбейіп бара жатқанын, өлгендер арасында басқаларға қарағанда солардың көп екенін айтады. Әр апта сайын 30-40 еріктінің өлгені туралы хабар шығады, олардың 20 пайыздан астамы жасы 50-ден асқан адамдар.

Өлгендердің 17 пайызы - офицерлер. Командалық құрамдағы бұл шығынды Би-би-си Ресей әскерінің құрылымымен байланыстырады. Өлгендердің 20 пайызы әскери әуе күштерінде қызмет еткен, 19 пайызы мотоатқыштар әскерінде болған. Би-би-си мәліметіне қарағанда, соғыста өлген кем дегенде 42 әскери ұшқыштың аты-жөні анықталған.

  • Бұған дейін "Медиазона" Украинада өлген 3798 Ресей жауынгері туралы ақпарат жариялаған. Бұл тек ашық дереккөздерде жарияланған есімдер. Өлгендер шын мәнінде мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
  • 24 ақпанда Владимир Путиннің бұйрығымен Ресей әскері Украинаға басып кірген. Ресей қорғаныс министрлігі өлгендер туралы ақпратты 25 наурызда хабарлап, 1351 жауынгер өліп, 3825 жауынгер жараланды деп көрсеткен. Ресей әскерінен өзге Украинада сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" және жеке әскери компаниялардың жалдамалылары соғысып жүр. Олардың шығындары Ресей қорғаныс министрлігінің статистикасына кірмейді.
  • Ұлыбританияның әскери барлауы мамыр айының соңына қарай Ресей Укрианада 15 мыңға жуық адамынан айырылды есептейді. Украина бас штабы Ресей әскерінің шығыны 30 мыңнан асты деп санайды. Соғыс жағдайында бұл мәліметтерді тәуелсіз тексеру мүмкін емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG