Accessibility links

Қазақстандық теннисші Рыбакина Wimbledon финалына шықты. Қазақстан теннистен бұрын мұндай жетістікке жетпеген


Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.

Ресейде туып, кейін Қазақстан азаматтығын алған теннисші Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан Wimbledon (Уимблдон) жарысының финалына шықты. Бұған дейін қазақстандық теннисші Grand Slam жарыстарының жекелей сынында финалға шықпаған еді.

ФИНАЛҒА ЖОЛ

Әлемдік рейтингте 23-орында тұрған Рыбакина 7 шілдеде өткен жартылай финалда әлемдік рейтингте 18-орында тұрған румыниялық 30 жастағы Симона Халепті жеңді - 6:3, 6:3. Матч алдында букмекерлік компаниялар Халепті фаворит санаған еді.

"Сене алар емеспін, керемет матч болды, Симона - керемет чемпион ойыншы. Бұған дейін екеуміз бірнеше рет қиын матчтар өткізген едік. Бірақ бүгін осы ойын жайлы ғана ойладым. Бүгін өте жақсы ойын көрсеттім деп ойлаймын. Матч алдында қобалжыдым, бірақ осы турнирде өткізген ойындарым көмектесті, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұған дейін бірде жеңіліп, бірде жеңіп жүретін едім, бүгін шынымен жақсы ойнадым" деді 23 жастағы Рыбакина матчтан кейін.

Матчтан кейін Eurosport телеарнасының сарапшысы Алекс Корретья Рыбакинаның матчтан кейін ешқандай қуанбағанын, жеңісін өте салқынқанды қабылдағанына баса назар аударды.

"Әдетте финалға шыққан ойыншылар қолындағы ракеткасын тастап, кортқа жата кететін еді, бірақ Рыбакинадан мұндайды көрмедік. Бұл ойыншының психикалық дайындығын көрсетеді" деді ол.

Еленаның матчта жүйкесі сыр бермей жинақы ойнағанын ВВС сайты да атап өтті.

30 жастағы Халеп - Grand Slam жарыстарында екі рет жеңіске жеткен тәжірибелі теннисші. Ол 2018 жылы Париждегі Roland Garros жарысын, 2019 жылы Wimbledon турнирін жеңген. Халеп 2017 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға шыққан еді. WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) жарыстарында 23 рет топ жарған.

Симона Халеп Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.
Симона Халеп Wimbledon жарысының жартылай финалындағы матчта. 7 шілде 2022 жыл.

Ал Рыбакинаның Grand Slam жарысындағы ең үздік нәтижесі ширек финал болған. Ол 2021 жылы Roland Garros жарысында әлемнің экс-бірінші ракеткасы Серена Уильямсты (АҚШ) жеңіп, ширек финалға шыққан. Бірақ ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченковадан жеңіліп, жартылай финалға өте алмаған.

Рыбакина екі рет WTA турнирін жеңген. 2019 жылы Румынияда өткен Bucharest Open жарысында, 2020 жылы Австралиядағы Hobart International турнирінде жеңіске жетті. Ол Grand Slam жарыстарына осымен 12-рет қатысып отыр.

Елена Рыбакина енді финалда тунистік 27 жастағы Онс Жабермен (әлемнің екінші ракеткасы) ойнайды. Финал сенбі, 9 шілдеде өтеді.

"[Жабермен] ойын өте қызықты әрі қиын болады. Оған қарсы ойнау оңай болмайды. Қолымнан келгенін жасаймын" деді Рыбакина финал жайлы.

Рыбакина биылғы Wimbledon жарысында финалға дейін мына теннисшілерден басым түсті:

  • Бірінші айналым: Коко Вандевеге (АҚШ) - 7:6 (7:2), 7:5
  • Екінші айналым: Бьянка Андрееску (Канада) - 6:4, 76 (75)
  • Үшінші айналым: Чжэн Циньвэнь (Қытай) - 7:6 (7:4), 7:5
  • Төртінші айналым: Петра Мартич (Хорватия) - 7:5 6:3
  • Ширек финал: Айла Томланович (Австралия) - 4:6, 6:2 6:3
  • Жартылай финал: Симона Халеп (Румыния) - 6:3, 6:3

Рыбакинаның финалдағы қарсыласы Онс Жабер - араб әйелдері арасынан және Солтүстік Африка елдерінен Grand Slam жарысына шыққан алғашқы теннисші. Ал 23 жастағы Рыбакина - 2015 жылдан бері Wimbledon жарысының финалына шыққан ең жас теннисші.

РЫБАКИНА КІМ?

Ресейде туып өскен Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатысып жүр. Ол сұхбаттарында теннисті Мәскеуде алты жасынан ойнай бастағанын айтады.

"Басында әпкелеріммен бірге гимнастика мен мәнерлеу сырғанауға барып жүргенмін. Кейін жаттықтырушылар бойың ұзын, кәсіби спортшы бола алмайсың деді. Кейін әкем теннис кортына апарды да, "теннисті байқап көр" деді. Әкем теннисті жақсы көреді" деген еді Рыбакина wtatennis.com сайтына берген сұхбатында.

Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалында жеңіске жеткен сәт. 7 шілде 2022 жыл.
Рыбакина Wimbledon жарысының жартылай финалында жеңіске жеткен сәт. 7 шілде 2022 жыл.

Рыбакина басында Ресей атынан жарыстарға қатыспақ болған. Бірақ 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллионер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алды. Өтемұратовтың өзі бүгін, 7 шілдеде өткен Халеп-Рыбакина ойынын кортта отырып тамашалады.

Қазақстан теннисшінің жаттығуын, жеке бапкерінің ақысын, жарыстарға қатысуына қаржы бөледі. Мұны спортшының өзі де жасырмайды.

"Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүргеніме қуаныштымын. Маған сенді, көп көмектесті. Ресейде қалатын мүмкіндік болғанда қалар едім. Қазақстан мені қолдады, қаржылай да көмектесті. Болашақта да Қазақстан атынан жарысқа қатысқым келеді, себебі қиын сәтте көмек қолын созды. Болашақта қалай боларын білмеймін, дәл қазір мен үшін [Ресейге] жол жабық" деген еді Рыбакина 2020 жылы ақпанда Санкт-Петербургтегі теннис турнирінде.

Рыбакинаның Қазақстан атынан жарысқа қатысқанына жанкүйерлер арасында екі түрлі пікір бар. Бір тобы Ресейден келген легионер ретінде қараса, енді бірі әлемдік аренада Қазақстан атын шығарып жүрген теннисші деп қабылдайды.

Журналист Михаил Козачков телеграм каналында "Бұл - үлкен жетістік. Бірақ ол басқа елде туды, сол елде кәсіби спортшыға айналды. Сондықтан отандық теннистің жетістігі деп көп сөз айтпай қоялық. Елена Рыбакина бізге ақша үшін келді. Бұл жаман да емес, жақсы да емес. Бұл - факт. Оны легионер ретінде қабылдау керек" деп жазды.

Ал халықаралық БАҚ Рыбакинаны "Grand Slam жарыстарында жекелей сында финалға шыққан алғашқы қазақстандық теннисші" деп жазып жатыр.

Рыбакина 2020 жылы ақпанда WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингінде үздік жиырмалыққа енген. Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген теннисшілер бұрын рейтингте үздік жиырмалыққа енбеген еді.

Ол былтыр өткен Токио олимпиадасында төртінші орын алған.

"Барымды салдым". Теннисші Рыбакина Токиода қола медальға таласта жеңілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG