Accessibility links

Қаңтар оқиғасында жақындарынан айырылған азаматтарды Ақорда маңында полиция бөгеді


Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан азаматтардың туыстары Ақордаға өтпек болған кезде полиция қызметкерлері оларды бөгеді. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2022жыл.
Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан азаматтардың туыстары Ақордаға өтпек болған кезде полиция қызметкерлері оларды бөгеді. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2022жыл.

Қаңтар оқиғасында жақындары оққа ұшқан бір топ адамды Ақорда маңында полиция бөгеді. Қанды қаңтар кезінде туыстарынан айырылған топ марқұмдарды ақтауды талап етіп, 11 шілдеде Нұр-Сұлтанға жиналған еді. Содан бері олар қатарынан екі күн президент әкімшілігінің жанындағы қабылдау кеңсесінде ашық аспан астында түнеген. Олар билік өкілдерінің "арыздарын қарауға құрғақ уәде бергенін", алайда жауаптарына көңілі толмайтынын айтты.

13 шілдеде президент әкімшілігінен шыққан адам оларға қабылдау кеңсесіне бір-бірден кіруді сұрады. Алайда наразылар "кірсек, бәріміз бірге кіреміз, талабымыз ортақ" деп ұсыныстан бас тартты. Бұдан соң наразы топ президенттің шығуын талап етіп, Ақордаға бармақ кезде полиция қызметкерлері алдын бөгеп, әрі қарай өткізбеді.

15-тен астам адам айқайлап, талаптарын сол жерде айтты.

"Қаңтарда өлген әруақтарға үш баптан айып тағып жатыр. Бармаған жеріміз жоқ. Баптарды алып тастасын" деді кемсеңдеген әйелдердің бірі Азаттықтың тікелей эфирі кезінде.

– Біздің балаларымыз террорист емес. Балаларымыз бейбіт шеруге барған. Менің ұлымның басынан оқ тиіп қайтыс болды. Балам күдікті болса, бір нәрсе бүлдірген болса оған видео ретінде дәлел, айғақ көрсетсін! Дәлел жеткіліксіз түгілі мүлде жоқ. Не видео, не куә жоқ, Әкімдіктің алдында камера көп. Кімнің не істегені көрініп тұр. Ештеңе жоқ. Ештеңе істемеген. Әншейін барған, – деді наразы ер адамның бірі.

Оқиға кезінде бір адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақыртылды.

Оқиға кезінде наразылардың кейбірінің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақыртылды. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2022 жыл.
Оқиға кезінде наразылардың кейбірінің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақыртылды. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2022 жыл.

13 шілде түскі бірлер шамасында наразылар сол маңда тұрды. Полиция қызметкерлері оларды Ақорда жаққа жібермеді.

Қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың туыстары мен оқиға кезінде азапталған, қазір түрлі баптар бойынша күдікке ілінген азаматтар бұған дейін де тергеу амалдарына наразы болып, билікке талап айтқан. Билік өкілдері "кімнің кінәлі-кінәлі еместігін тергеу органдары анықтайды" деп мәлімдеген. Осыған дейін оқиға кезінде азапталған азаматтар азаптау бойынша қозғалған істердің сылбыр жүріп жатқандығына шағымданған.

  • Биыл қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше аймағында бір мезгілде жаппай наразылық пайда болып, соңы қантөгіске ұласқан еді. Қаңтардың бесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген болатын.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында өлгені ресми хабарланған. Билік қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы әзірге ақпарат жариялаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG