Шымкентте Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Бағдад Оңалтаевты билік "жаппай тәртіпсіздікке күдікті" деп танығанын отбасы үш ай өткенде бір-ақ білген. Алты баласымен жесір қалған Күләш Қаражанова марқұм күйеуіне тағылған айыппен келіспейді. Жалғыз асыраушысынан айырылып, күнкөрісі қиындаған отбасы мемлекет жәрдем берсін дейді.
"КІМ, НЕГЕ ОҚ АТТЫ?"
Бағдад Оңалтаев – Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған 20 адамның бірі. 5 қаңтар кешкісін дене қызуы көтерілген балаларына дәрі алуға үйінен шығып кеткен Бағдад қайтып оралмаған. Туыстары мен достары 37 жастағы азаматты 6 қаңтар кешке қаладағы мәйітханадан тапқан. Ертеңіне жерлеген.
Қала прокуратурасының 11 сәуірде шығарған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысында Бағдад Оңалтаевтың 6 қаңтарға қараған түні қала әкімдігінің алдында өткен жаппай наразылық кезінде атылған оқтан қайтыс болғаны айтылған. Оқ оның мойнынан кіріп, өкпесін тесіп шыққан. Жедел жәрдем қызметі өлімші болып жараланған азаматты ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оны ажалдан арашалап қала алмаған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысында Оңалтаевтың қанында алкоголь жоқ екені жазылған.
Кейіннен туыстары әлеуметтік желіден (Instagram-дағы dvkshtabcoordination парақшасында 10 қаңтарда жарияланған – ред.) қала әкімдігі орналасқан Назарбаев көшесінің бойында қансырап жатқан адамның видеосын көріп, Бағдадты таныған.
Видеода жейдесінің алды қанға боялып, жерде сұлқ түсіп жатқан ер адамның тамырын ұстап, жүрек соғысын тексеріп абдырап отырған адамдар байқалады, жақын жерде атылған оқ дауысы анық естіледі.
Күләш Қаражанова Шымкентте наразылық болып жатқан кезде жұбайының алаңға неге, қандай мақсатпен барғаны өзіне әлі күнге жұмбақ екенін айтады.
– Көпке дейін Бағдадтың алаңға барғанына сенбедім. Қайным көше бойында қансырап жатқан күйеуімді көрсеткенде таңғалдым. Сол жерге барған күннің өзінде оған кім, неге оқ атты? Бұл сұраққа тергеу органдарынан әлі күнге жауап жоқ. Сонда біздің елде адамның сұрауы, құны жоқ болғаны ма? – дейді ол күйініп.
"АРМАН-МҰРАТЫМЫЗДЫҢ КҮЛ-ПАРШАСЫ ШЫҚТЫ"
– Бағдад – заңгер оқуын, мен – бастауыш сынып мұғалімі мамандығында оқып жүргенде таныстық. Екінші курсқа көшкенде үйлендік. Жағдайымыз келмеген соң оқуды тастап кеттік. Бағдад содан бері базарда сырт киім сатты. Демалыс дегенді білмейтін. Аптасына берілетін бір күн демалыста да көлігімен адам тасып, ақша табатын. Балаларын жан-тәнімен жақсы көрді. Жұмыстан келе сала солармен жас балаша ойнайтын, еркелететін, досы сияқты сырласатын. Сөйтіп жүргенде бір-ақ күнде арамыздан жоқ болды ғой. Суреттерін қараймын да жылаймын, бірақ амал бар ма, іштей тынамын. Арыстай азаматымнан, асыраушымыздан айырылдық. Есімізге түскен сайын көмейіме өксік жас кептеліп, өзегім өртенеді, – дейді Күләш дауысы дірілдеп.
Бағдад Оңалтаевтың алты баласының бесеуі әлі кәмелетке толған жоқ. Тұңғышы – 19 жаста, кенжесі – 4 жасар. Отбасы қазір асыраушысынан айырылғанына байланысты және көп балалы шаңырақ ретінде ай сайын мемлекеттен екі жәрдемақы – жиынтығы 150 мың теңге (шамамен 310 АҚШ доллары) алады. Күләш бұл ақша күнкөріске жетпейтінін айтады. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасының баспанасы жоқ, біреудің үш бөлмелі пәтерін 130 мың теңгеге жалға алып тұрып жатыр.
Күләштің сөзінше, күйеуі қаза болғалы бері үлкенірек үш ұлы ерте есейіп кеткендей, ал кіші ұл мен екі қыз әкесін жиі іздеп, қайда кеткенін сұрап қыңқылдайды. Балалардың әкесіне деген сағынышы басылар емес дейді ол. Бірі – әкесінің дауысын салса, бірі – Бағдадтың киімін киіп, оған сіңген әкесінің иісін иіскеп, суретте қалған бейнесіне қайта-қайта қарай береді.
– Әкесінің көзі кеткен соң жауапкершілікті сезінді ме, үлкен үш ұлым тез есейіп кетті. Тұрмысымыз түбегейлі өзгерді. Алға қойған арман-мұратымыздың күл-паршасы шықты, – дейді Күләш Қаражанова.
Күйеуінің мезгілсіз қазасына Күләштің өзі де көндіге алар емес. Балалары жас қалғанын, отбасының тұрмыс-тіршілігі қиындап кеткенін айтып налиды.
– Бағдадтың басты арманы – балаларын оқыту еді. Білім алса, кәсіп үйренсе деп армандайтын. Тұңғышымыз жоғарғы оқу орнына түскенде балаша қуанып еді, – дейді марқұмның әйелі. Бірақ әкесі қаза болғаннан кейін баласы оқу ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалыпты.
"КӨРДЕН ҚАЗЫП АЛА МА ДЕП ҚОРҚЫП АРЫЗ ЖАЗБАДЫҚ"
Күләш Қаражанованың айтуынша, Бағдад Оңалтаев қайтыс болған соң тергеу орындары оның отбасын бір рет шақыртқан. Марқұмның әкесі Серік Оңалтаевтан тергеуші Бағдадтың қайда, кіммен тұрғанын, қандай жұмыс істегенін сұраған.
– Сол кезде Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың сүйегін қайта қазып алып жатыр дегенді естігенде денеміз түршігіп кетті. Қорқып, азаматымыздың қалай қаза болғанын анықтау туралы арыз жазудан бас тарттық, – дейді Қаражанова.
7 сәуірде Шымкент қалалық прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев шығарған қаулыда Оңалтаевтың "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу ойы туындап, қала әкімдігінің алдына барғаны, қасақана жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және белгісіз атыс қаруынан қайтыс болғаны" жазылған. Бірақ марқұмның нақты қандай іс-әрекетке барғаны, оған кім, қандай жағдайда оқ атқаны қаулыда көрсетілмеген. Прокурор Көлбаев "Оңалтаев Бағдад Серікұлы Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлімі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") бойынша күдікті деп танылсын" деп қаулыға қой қойған.
Сәуір айында қабылданған осы шешім мүдделі тұлғаларға хабарлануы міндеттелгенімен, Бағдад Оңалтаевтың отбасы қаулыны тек шілде айында алғанын айтады. Марқұмның жесірі әкімдік маңында оққа ұшқан жұбайын қылмысқа күдікті деп тануға қарсы. Ол тергеу орындарынан Бағдадты күдікті деуге негіз болған айғақ-дәлелді көрсетуін сұрайды. Ал оны дәлелдей алмаса, оққа ұшқан бейбіт тұрғын деп танып, артында қалған отбасына мемлекет материалдық көмек берсін деген талап айтады келіншек.
– Жаппай наразылыққа мыңдаған адам шықты. Әрқайсысы әртүрлі жағдаймен барды. Әкімдік алдында оққа ұшып, қайтыс болғаны үшін ғана барлығын бірдей күдікті деп тануға қарсымын. Бір түнде алты балам әкесінен айырылып, жетім қалды. Олардың ендігі тағдыры, болашағы не болмақ? Өкімет баспана алуға, балаларымды оқытуға көмек берсін. Ондай көмек жүрегімізге түскен жараны жазбаса да, жыртығымызды жамауға септеседі, – дейді Күләш Қаражанова.
БИЛІК ҚАҢТАРДА ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫ КҮДІКТІ ДЕП ШЫҒАРДЫ
Биылғы жылдың басында Жаңаөзен халқының билікке талабын қолдап, Шымкентте көшеге шыққан көпшіліктің бейбіт басталған наразылық шеруі жаппай тәртіпсіздікке ұласып, қантөгіспен аяқталды. Ресми дерек бойынша, 4-6 қаңтар аралығында Шымкентте 20 азамат қаза болып, 200-ден астам адам жараланған.
Шымкент қалалық прокуратурасының 20 адамның өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы 11 сәуірдегі қаулысына қарағанда, қазаға ұшырағандардың көбі жанды жеріне оқ тиіп, көз жұмған. Құжатта оқиға кезінде қаза тапқандар мен жараланғандарға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің табельді қаруы – "Макаров" тапаншасы (оқ калибрі 9 мм ) мен "Тандем" травматика қаруынан (12 мм) атылған оқ тигені жазылған.
Қаза болғандардың ең үлкені – 1984 жылы туған, ең жасы қайтыс болған кезде әлі 18 жасқа толмаған. Көбі үйленбеген.
Прокуратура қару қолданған қызметкерлердің іс-әрекетінде "қылмыс құрамы болмағандықтан" істі тоқтатқан. Ал қаза тапқан 20 адам Қаңтар оқиғасына байланысты күдікті деп танылған. Марқұмдардың кейбірінің туыстары бұған келіспей, оларды "бейбіт тұрғын" деп тануды талап етіп отыр.
Шымкенттегі Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамның (жетеуі – белсенділер) үстінен түрлі баппен қылмыстық іс қозғалды. Кейін көбінің ісі "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қайта сараланды. Олардың басым бөлігінің ісі сотқа жеткен. Сотта "айыбын толық мойындап, шын өкінетінін" айтқандардың түгелге дерлігі түрлі мерзімге шартты жаза алып, қамаудан босады. Ал кемінде төрт адам сот үкімімен 3 жылдан 3 жыл 7 айға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды. Олардың үшеуі сот процесі кезінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, ешқандай қылмыс жасамаса да саяси көзқарасына бола қуғын көріп жатқанын мәлімдеген.
Қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасының өсуі түрткі болған наразылық елдің басқа өңірлеріне де тез тарап, оның аяғы дүрбелең мен қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты әлі жарияламай отыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағынғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды Қаңтар қырғынын жан-жақты, ашық зерттеуге үндеген. Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту ұсынысынан бас тартты.
ПІКІРЛЕР