Орал әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жергілікті белсенді Аслан Өтеповке бейбіт митинг өткізуге рұқсат беріп, екі күннен соң бас тартты.
Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшековтің түсіндіруінше, Өтепов әлеуметтік желідегі парақшасында қала тұрғындарын "дәріханадағы нашақорлық" және "трамадола патшасы" неге әлі бостандықта жүр деген мәселелерді талқылауға шақырып, жазба жариялаған.
"Берілген өтініште мұндай ақпарат жоқ. Акцияда қала жастарымен бірге есірткіге қарсы акция өткізуді жоспарлағансыз" деп жазған Көшеков хатта.
Шенеунік сонымен бірге жергілікті "Уральская неделя" басылымында аталған шара туралы мақала жарияланғанын, онда шара митинг деп көрсетілгенін алға тартып, бұл "шындыққа сәйкес келмейді" деген. Белсенді жазбасы мен басылым мақаласынан Көшеков "көрінеу жалған ақпарат тарату" белгілерін байқаған.
17 тамызда Көшеков Аслан Өтеповке акция өткізуге рұқсат берген еді. Өтеповтің Азаттыққа айтуынша, әкімдік өкілдері бейбіт акция үшін мінбер жасап, жабдықтар беруге уәде берген. Митингінің тақырыбын ұйымдастырушы "Есірткісіз балалар болашағы үшін" (Будущее наших детей — без наркотиков!) деп көрсеткен. Онда қозғалатын негізгі мәселе ретінде "Трамадола" мен "Тропикамида" дәрілерін рецептісіз сату деп көрсеткен. Акция 28 тамызда "Қазақ халқының аяулы қыздары" атты ескерткіш алаңында өтуі тиіс болған.
Аслан Өтепов осындай митинг өткізуге хабарламаны 15 тамызда да тапсырған, алайда әкімдік мақұлдамаған. Әкімдік "құжаттар дұрыс еместігін" айтқан. Аслан Өтеповтің пікірінше, әкімдік өтінішті 21 тамызға белгіленген оппозиция митингісіне байланысты мақұлдамаған болуы мүмкін, себебі акция 21 тамызда өтеді деп көрсетілген. Бұған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 21 тамызда билікке қарсы наразылыққа шақырған.
Биыл көктемде Аслан Өтепов "есірткіге қарсы" осындай бейбіт акция өткізген. Рұқсат етілген шараға 20 шақты адам келген, басым бөлігі – студенттер.
Аслан Өтепов құрамында есірткі қоспа бар жоғарыда аталған препараттарды рецептісіз сатуды қаланың "ірі мәселесі" деп атайды.
Шілде соңында қаланың өзге тұрғындары да биліктен "Трамадол" препаратын аулаларда сатуға тыйым салуды талап еткен.