Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 17 адамға үкім оқылды. Оларға "жаппай тәртіпсіздік", "ғимаратқа басып кіру", "ұрлық" және тағы басқа баптар бойынша айыптар тағылған. Бұл жөнінде 20 тамызда Тараз қаласының N2 сотының шешіміне сүйенген Orda.kz сайты хабарлады. Айыпталушылар "кінәсін мойындап" процессуалды келісімге келгендіктен және істі жеңілдететін жайттар болғандықтан 9 адамға– 4 жыл шартты жаза, 8 адамға үш жыл 6 ай шартты жаза берілген.
"Сот 2022 жылы 6 қаңтарға қараған түні Г., Ә., Б., Б., А., Қ., С., Б.,Ш.-ның Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздік, бүлік пен мүліктерді қирату мен жоюға қатысқанын анықтады. Ш., Ш., А., П., С., М., Е., Ш. жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, қызметтік ғимаратқа заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жымқырған. А. бір топ адаммен алдын ала келісіп, қызметтік ғимаратқа заңсыз кіріп, ұрлық жасауға тырысты" деп жазылған № 2 Тараз қаласының сот шешімінде.
Онда айыпталушылардың толық аты-жөні айтылмайды. Азаттық 20 тамызда Тараз сотынан жауап ала алмады.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік 16 тамызда опат болғандардың тізімін жариялағанмен онда тек қаза болғандардың фамилиясы және атының алғашқы әрпі ғана жазылған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандар туралы толық ақпарат беруді талап етіп, тізімнің толық емес екенін де сынады.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
- Өзге өңірлердегі сияқты Жамбыл облысында да осыған дейін Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандардың туыстары тергеу амалдарының әділетсіздігін айтып, шағымданған.
- Бұған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты 800-ден астам адамға үкім оқылған. Жүзден астам адамға түрме жазасы берілген.
ПІКІРЛЕР