Accessibility links

Германия канцлері Олаф Шольцтың рейтингі Украинада соғыс басталғалы қатты құлдырады


Олаф Шольц
Олаф Шольц

Германия канцлері Олаф Шольц пен коалициялық үкіметтің рейтингі Украинада соғыс басталғалы бері қатты құлдыраған. Бұл жөнінде Insa әлеуметтану институтының мәліметтеріне сүйенген DW хабарлады.

21 тамызда жарияланған сауалнама нәтижесіне қарағанда, немістердің үштен екісіне жуығы Шольцтың жұмысына қанағаттанбайды.

Басқарушы коалициялық үкімет рейтингі де бұрын-соңды болмаған деңгейде құлаған. Сұрау салынғандардың 65 пайызы федералды үкіметтің жұмысына қанағаттанбайтынын білдірген. Тек 27 пайызы ғана құптаған, бірақ бұл наурыз айындағы дәл осындай сауалнама кезіндегі көрсеткіштен 17 пайыз аз.

"Сауалнама қорытындысына қарағанда, дәл қазір канцлер сайлауы өте қалса, Олаф Шольц тек үшінші орын алар еді" дейді DW. Бірінші орынға "жасылдардың" өкілі, экономика министрі Роберт Хабек, екінші орынға христиан-демократиялық одақ төрағасы Фридрих Мерц шығар еді.

  • 63 жастағы Олаф Шольц 2021 жылы желтоқсанда Германия федералды канцлері болып сайланған. Оны бундестагтың 395 депутаты қолдаған. Олаф Шольц 16 жыл үздіксіз үкімет басшысы болған Ангела Меркельдің орнына келген еді.
  • Шольц канцлер болғанға дейін Германия үкіметінде еңбек министрі болып екі жыл жұмыс істеген. 2018 жылдың наурызынан бастап Германия қаржы министрі және вице-канцлер қызметін атқарған.
  • Украинада соғыс басталған соң Еуропада электр қуатының бағасы еселеп өскен. Германияда электр құны көтерме саудада алты есе қымбаттаған. Бұған Ресейден келетін газдың шектелгені ғана емес, Еуропадағы айрықша ыстық та әсер еткен.
  • Латвия, Литва, Польша, Чехия және Эстония секілді Еуропа одағының кей елдерінің басшыларына қарағанда, Германия канцлері Ресейге сәл жұмсақ саясат ұстанып, 15 тамызда Ресей азаматтарына виза беруді күрт қатаңдатуға қарсы екенін білдірген. Шольц мұны Путин режимінен қашып, Еуропаға кеткісі келетіндерге қатер төндіреді деп түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG