Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі оңшыл радикал философ Александр Дугиннің қызы Дарья Дугинаға кімнің қастандық жасағаны анықталды деп мәлімдеді. Ведомство қастандықты Украина арнаулы қызметі жасаған деп санайды.
Федералды қауіпсіздік қызметі Дугинаны Украинаның 1979 жылы туған азаматы Наталья Вовк өлтірген деп есептейді. Ресейге 12 жасар қызымен келген Вовк Мәскеуде Дугина тұратын үйден пәтер жалдап, "Дугинаның ізіне түскен".
Федералды қауіпсіздік қызметінің сөзіне қарағанда, қастандық жасалған күні Вовк пен оның қызы әдеби музыкалық "Традиция" фестиваліне барған. Фестивальге Дугина құрметті қонақ ретінде шақырылған. Әкесі Александр Дугин де қатысқан. Дугина отырған автомобиль жарылған соң Вовк қызын ертіп, Эстонияға кетіп қалған дейді ведомство. Ведомство күдіктінің Ресей шекарасынан өтердегі жазбаларын таратқан.
"Медузаның" ақпаратына қарағанда, Александр Дугинді қаржылай қолдайтын бизнесмен Константин Малофеев әлеуметтік желіге Дугиннің атынан мәлімдеме жариялаған. Онда философтың қызының өліміне "Украинадағы нацистік режим" мен "Ресейдің жаулары" айыпты деп көрсетілген.
"Біз жай ғана кек қайтарып қоя салғанды қаламаймыз. Ол орыстарға аздық етеді, өйткені тым ұсақ. Бізге тек қана жеңіс керек", - дейді мәлімдемеде.
Ресей президенті Владимир Путин Дарья Дугинаның отбасына көңіл айтқан.
Ол Дугинаны "Ресей патриоты қандай болуға тиістігін іспен дәлелдеген, нағыз орыстың жүрегі бар талантты адам" деп бағалап, "Ерлігі үшін" орденімен марапаттау жөнінде жарлық шығарған.
Бұған дейін Украина президентінің офисі "Мәскеудегі қастандыққа Украинаның қатысы жоқ" екенін мәлімдеген. Президент офисінің басшысы Подоляк ұлттық телемарафон эфирінде "Украинаның бұған еш қатысы жоқ екенін арнайы атап өтейін" деген болатын. "Азов" полкінің өкілдері де Ресей БАҚ-тары айтқандай емес, Вовктің "Азовпен" ешқашан байланысы болмағанын мәлімдеген.
- Дарья Дугина мінген көлік 20 тамызда Мәскеу облысында жарылған. Ол әкесімен бірге "Традиция" патриоттық фестиваліне қатысқан. Фестивальден соң екеуі бірге қайтпақ болған, бірақ екі көлікпен кеткен.
- Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Илья Пономарёв Дугинаға жасалған қастандыққа Ресейдің "Ұлттық республикалық армиясы" деп аталатын астыртын ұйымының қатысы болуы мүмкін деп санайды. Ол "Медузаға" берген сұқбатында Вовктің шекарадан өтуіне көмектескенін, оның қастандыққа қатысы жоғын айтқан. "Ұлттық республикалық армия" деген астыртын ұйым бар екені жөнінде Пономарёвтің сөзінен өзге ешбір дәлел жоқ.
ПІКІРЛЕР