АҚШ барлау қызметінің қолында Ресей әскерінің таяу күндері Украинаның азаматтық инфрақұрылымы мен мемлекеттік нысандарын атқылауды жоспарлап отырғаны жөнінде мәліметтер бар. Бұл туралы АҚШ шенеуніктерінің мәлімдемелеріне сілтеме жасаған Reuters пен The New York Times жазды.
АҚШ билігі мұндай қауіп-қатерді неғұрлым үлкен аудиторияға жеткізу үшін барлау мәліметін ашық жариялап отырғанын хабарлаған.
Бүгін мемлекеттік ту күнін еске алып жатқан Украина ертең Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский "мереке күндері Ресей әлдеқандай жексұрын, қатыгез әрекет жасауға талпынуы мүмкін" деп ескерткен.
Украина қорғаныс министрлігінің бас басқармасы да украин халқына ескерту жасаған. Әсіресе Украина тәуелсіздігі күні мейлінше сақ болуға шақырған.
Киев апта ішінде жаппай іс-шара өткізуге тыйым салған. Киевтің қалалық полициясы тұрғындардан 23-25 тамыз аралығында болуы мүмкін әуе дабылына селқос қарамауды сұраған.
ПІКІРЛЕР