Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған тағы бір белсенді БҰҰ мен Еуроодақтан көмек сұрады


Қаңтар оқиғасына байланысты 3,5 жылға түрмеге кесілген белсенді Қайрат Сұлтанбек. Сурет 2021 жылы түсірілген.
Қаңтар оқиғасына байланысты 3,5 жылға түрмеге кесілген белсенді Қайрат Сұлтанбек. Сурет 2021 жылы түсірілген.

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен үш жарым жылға сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек түрмеден хат жолдады. Ол БҰҰ және Еуроодаққа қайырылып, Қазақстан билігінің Қаңтар туралы ақпаратына сенбеуге үндеді. Сұлтанбектің хатын оның әйелі белсенді Ардақ Сәтбаева 23 тамыз күні кешке Facebook парақшасында жариялады.

Сұлтанбектің хатта баяндауынша, 5 қаңтар күні түнде ол қала әкімдігінің алдына барған. Әкімдік ғимаратынан шамамен екі жүз метр қашықта тұрған. Сағат 21:53-те 24 жастағы Мейірбек Шойбековтың жүрегіне оқ тиіп, тіл тартпай мерт болғанын көрген. Шойбеков – Шымкентте оқиға кезінде қаза болған 20 адамның бірі.

“Шойбеков бір орында тұрды, қолында қару болмады. Оқ тиген кеудесін ұстап бірнеше қадам жүрді де құлады. Көмек беруге барғанда жүрегін оқ тесіп өткенін көрдік» деген белсенді хатында.

Сұлтанбек 20 адамның өліміне қатысты қылмыстық істің жабылғанын заңсыз деп санайды. Оның сөзінше, Шойбековтің өлімін көргенін қанша рет айтса да тергеуге куә ретінде шақырылмаған.

«Мен Қазақстан билігін геноцид жасады деп айыптаймын. Ескертусіз оқ атуға 5 қаңтар түнгі сағат 23:00-де бұйрық берілді. Ал Шойбековті сағат 21:53-те атып өлтірді. Халықаралық қауымдастық, оның ішінде БҰҰ мен Еуропа Одағының Қазақстан аумағында болып жатқан заңсыз әрекеттерге көңіл бөлуді сұраймын. Мен, белсенділер Ләззат Досмамбетова мен Жанмұрат Аштаев қылмыскер емес. Сіздерден биліктің өтірік сөзіне сенбеуді, заңсыз әрекеттері үшін санкция салуды сұраймын» дейді белсенді.

Хаттың соңына белсенді аты-жөнін жазып, қол қойған. Уақыты көрсетілмеген.

- Қайрат бірнеше күн бұрын хатты берді де, мен айтқан кезде әлеуметтік желіге жариялайсың деді. Кеше айтқан соң жарияладым, - дейді Сұлтанбектің әйелі Ардақ Сәтбаева.

Белсенді хатының Еуропарламент депутаттарына жеткені-жетпегені белгісіз.

Белсендінің әйелі бірнеше күн бұрын бір жарым айлық құндақтаулы баласымен бірге Нұр-Сұлтанға барып, күйеуінің заңсыз сотталғанын айтып, Еуроодақ депутаттарымен кездеспек болған. Алайда түрлі кедергілерге кезігіп, жолыға алмаған.

5 мамырда Шымкент прокуратурасы қалада Қаңтар оқиғасында қайтыс болған 20 адамның өліміне қатысты «Адам өлтіру» бабымен қозғалған қылмыстық істі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы шығарған. Қаулыда Мейрамбек Шойбековтің денесі 6 қаңтарға қараған түні сағат бірден кете Шымкенттегі Түркістан облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені, оқ оның артқы жағынан атылып, өкпесін тесіп өткені жазылған.

Қаулыда қайтыс болған адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жазылғанымен, қай бап екені көрсетілмеген.

2 тамыз күні Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотталған белсенділер Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова түрмеден хат жолдап, Еуроодақтың депутаттары мен БҰҰ-дан араша сұраған. Еуроодақтан әзірге реакция болмады.

15 шілдеде Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, Ләззат Досмамбетовагы 3 жыл 7 айға түрмеге кескен. Белсенділер үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

48 Қайрат Сұлтанбек 7 қаңтарда, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 44 жастағы Жанмұрат Аштаев 8 қаңтарда қамауға алынған. Олар бұл істі саяси белсенділігімен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG