Accessibility links

Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумды "бірлік" пен "реформаны қолдау" деп сипаттады


Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша маусымда өткен референдум халықтың "бірлігін" және "реформалардың барынша қолдау тапқанын" көрсетеді. Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция күнімен құттықтауында осылай деп мәлімдеді.

Ақорда сайтында жарияланған құттықтауда Тоқаев "жаңа Қазақстан" туралы айтады. Жыл басындағы қанды Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев пен оның үкіметі "азаматтардың әл-ауқатын көтеретін" "әділетті" мемлекет қалыптастыратынын айтқан.

Президент пен оның қарамағындағылар сайлау, бейбіт жиындар және партиялар туралы заңдарға енген өзгерістерді реформа деп атайды. Ал сыншылардың айтуынша, бұл – заңды тек сылап-сипау ғана, іс жүзінде қоғамды демократияландыру бойынша шынайы өзгеріс жоқ.

5 маусымда Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға 56 өзгеріс енгізу бойынша референдум өтті. Билік бұл өзгерістерді президент билігін әлсіретіп, парламент құзыретін арттыратын реформа деп дәріптеуге тырысты. Алайда сарапшылардың айтуынша, атқарушы билікпен қоса, парламент пен сотты президент толық бақылауында ұстайтын жүйе өзгерген жоқ.

Конституциядан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы сөздің бәрі алып тасталды. Басты заңның бұрынғы нұсқасында оның тұңғыш президент – елбасы деген статусы Конституцияда және конституциялық заңда көрсетілетіні, оның қалағанынша президенттікке түсе алатыны жазылған. Бұған қоса, Назарбаев – "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген тіркес те түсіп қалды.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген ықпалды қызметінен айырылды. 2019 жылы президенттіктен кеткен ол осы лауазымды сақтап қалған еді. Бақылаушылардың айтуынша, жыл басынан бері ол билікке ықпалынан айырылды, ал оның туыстары жоғары қызметтерден кетіп, кейбіреуі тіпті "ақша ұрлады" деген күдікпен қамауға алынды.

Жақында Конституция күні қарсаңында бірнеше қоғам қайраткері Назарбаевтың жеке билігін нығайтып, оның туыстарын заң бұзғаны үшін жауапқа тартуға жол бермеген Конституция қабылданған бұл күнді атап өтпеуге шақырды.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда өткен референдумда қабылданған. Кейін де негізгі заңға көп өзгеріс енгізілді, олардың біраз президенттің билігін нығайта түсуге бағытталды.

1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы кеңес қабылдаған Қазақстанның алғашқы Конституциясы парламентке көп құзырет беретін және билік тармақтары арасында теңгерме, тежеме механизмдерін ұсынатын. Алайда Назарбаев ескі Конституция "реформаларға кедергі жасайды" деп, оның орнына жаңасын қабылдауды ұсынған еді. Жаңа ата заң қабылданған 1995 жылдан бастап елде авторитарлық басқару формасы күш алды деп санайтындар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG