Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа байланысты Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл жөнінде бұйрыққа облыс басшысы Әбдікәрім Әлімбаев қол қойды.
Төтенше жағдай режимі "қақтығыс ошағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қауіпсіз жерге көшіру мен орналастыру, адам шығынына жол бермеу мақсатында" енгізілген.
17 қыркүйекте таңертең Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағы атысты тоқтату туралы келісімді бұзып, қырғыз ауылдарын атқылай бастады деп хабарлаған. Атап айтқанда, Баткен облысындағы Паскы-Арык және Достық ауылдары атқылауға ұшыраған.
Кейін Қырғызстан шекара қызметі күндізгі сағат 12 жарым шамасында тәжік жағының Ош облысы Чон-Алай ауданында Тешик-Таш, Карамык және Кароол-Добо ауылдарындағы қырғыз шекарашыларының бекетін миномет және артиллериямен атқылағанын хабарлады. Оның алдында Баткен облысының Баткен және Лейлек аудандарында қақтығыс болған.
Ал Тәжікстан шекара қызметі өз кезегінде қырғыз жағын атысты тоқтату туралы келісімді бұзды, шекарадағы тәжік ауылдарын атқылады деп айыптады. Ведомство қырғыз жағының шекараға қосымша күштер мен техника әкелгенін байқағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Тәжікстан тарабы 16 қыркүйекте кешке қырғыз әскерінің тәжік ауылдарын атқылап, дронмен шабуыл жасағанын хабарлаған. Мешіттердің біріне де соққы жасалғаны туралы хабар болды.
16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында жағдай ушығып, ірі қақтығыс болды. Тараптар жағдайға бір-бірін кінәлады.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 24 қырғыз азаматы қаза болған, 121 адам жараланған. Тәжікстан жағы қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат таратпады. Дегенмен Азаттықтың Тәжік қызметі Reuters дерегіне сүйеніп, кемінде жеті тәжік азаматының қаза болғанын хабарлады. Жергілікті шенеуніктердің бірі Азаттыққа ондаған тәжік азаматының опат болғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР