Accessibility links

Зеленский халықаралық қауымдастықты "террорист мемлекет" Ресейді айыптауға үндеді


 Владимир Зеленский. Киев, 16 қыркүйек 2022 жыл.
Владимир Зеленский. Киев, 16 қыркүйек 2022 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық қауымдастықты "террорист мемлекет" Ресейді айыптауға үндеді. Ресей армиясынан азат етілген Изюм қаласынан бірнеше күн бұрын көп адам жерленген зират пен азаптау айғақтары табылған еді. Зеленский үндеуі осы оқиғадан кейін бірнеше күннен соң жасалып отыр. Харьков облысының солтүстік-шығыс аударында украин армиясы орыс күштерін біртіндеп тықсырып келеді.

16 қыркүйек кешкі видеомәлімдемесінде Зеленский Ресейге бұдан да қатаң санкцияға салуға үндеді.

"Адамдарды азаптағаны, қорлағаны туралы нақты дәлелдер бар. Одан бөлек, Ресей солдаттарының жерленгендерді әншейін көңіл көтеру үшін атып ойнағаны туралы айғақтар бар" деді ол.

Зеленский Ресейдің көктемде Бучада істегенін Изюмде қайталағанын айтты. Ол Ресейді Украинадағы қылмысы үшін халықаралық трибуналға тартуға шақырды.

Украина қорғаныс министрлігі Изюмде кемінде 440 мәйіт табылғанын хабарлаған.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Изюмге тергеушілер жібереді, ал Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Джон Кирби оқиғаны "адам шошырлық" жағдай деп атады.

Мәскеу Изюмдегі қырғынға байланысты түсініктеме бермеді.

АҚШ армиясының генералы, штаб жетекшілерінің біріккен комитетінің жетекшісі Марк Милли Украинадағы әскери қылмысты жасыру мүмкін еместігін айтты.

Милли Украина қарулы күштерінің табандылығын жоғары бағалады. "Украина барлық жерін қайтара ала ма?" деген сұраққа Милли "Шабуыл енді ғана басталды. Украиналықтар қаншалықты алға жылжитынын алда көреміз. Әскери қимылдардың қалай өрбитінін көру үшін әлі күту керек" деді ол.

17 қыркүйекте британ барлау қызметі Украина елдің солтүстік-шығысында контршабуылдарын жалғастырып жатыр, ал Ресей әскері Оскол өзені мен Сватово қаласында қорғаныс сызығын бекітті деп хабарлады.

"Ресей осы аймақты бақылауда қалдыруды маңызды санайтын тәрізді. Себебі әскери жабдықтарды тасымалдайтын негізгі жол осы аумақтан өтеді. Ресей осы ауданда қорғануға қатты күш салады, бірақ оған күші жете ме, жоқ па, украин әскерінің тағы бір шабуылына төтеп беруге жауынгерлік рухы жеткілікті ме, жоқ па, ол жағы белгісіз" деп жазылған британ барлау қызметінің хабарламасында.

Ал БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 16 қыркүйекте жыл сайын өтетін кезекті сессиясында Зеленскийге видеожазба жолдауға рұқсат бергенін хабарлады. Мұндай шешімді 101 ел қолдаған (арасында Қазақстан да бап), 7 мемлекет қарсы шыққан (Ресей, Беларусь, Куба, Солтүстік Корея, Эритрея, Никарагуа, Сирия).

XS
SM
MD
LG