Accessibility links

Қырғыз шенеуніктері Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыстан қаза болғандар артқанын хабарлады


Қақтығыстың салдарынан Баткен облысында бүлінген үйлер. 17 қыркүйек 2022 жыл.
Қақтығыстың салдарынан Баткен облысында бүлінген үйлер. 17 қыркүйек 2022 жыл.

Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыстан қаза болғандар 36-ға жетті, деп хабарлады қырғыз билігі. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 18 қыркүйекте Баткен облысында 12 мәйіттің табылғанын хабарлады.

Тәжік билігі қаза болғандар туралы әлі ресми мәлімет таратпады. Бірақ Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы аты-жөнін атамаған шенеуніктерге сүйеніп, шекарадағы қақтығыстан кемінде 39 тәжік азаматы қаза болғанын айтты.

16 қыркүйекте кешке атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін бірнеше сағаттан соң тараптар шекарадағы бірнеше ауылдың атқылауға ұшырағанын хабарлаған.

Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің шекара қызметі қырғыз әскерінің Ош облысынан Лахш ауданына оқ жаудырғанын хабарлады. Тәжік шенеуніктері төрт адамның қаза болғанын, үш үйдің қирағанын айтты. Бірақ бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай тұр.

Былтыр көктемде екі көрші ел арасында қақтығыс болып, ондаған адам қаза болған, кемінде 150 адам жараланған. Бұл содан бергі ең ірі қақтығыс.

Соңғы қақтығысқа не түрткі болғаны белгісіз.

Орталық Азиядағы шекара мәселелерінің едәуір бөлігі совет кезеңімен байланысты. Ол кезде Совет өкіметі "экономикалық мүдде үшін" деп бір республика жерін екіншісіне оңды-солды табыстай берген.

Осыған дейін Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағын танк, бронды техника, миномет қолданды деп айыптаған. Ал Тәжікстан қырғыз күштерін жеті ауылды "ауыр техника түрлерімен" атқылады деп кінәлаған.

Аталған екі елде әлі күнге дейін Ресей әскери базалары бар. 16 қыркүйекте Мәскеу тараптарды әскери қимылдарды тоқтатуға үндеді.

Қырғызстан төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Баткен облысынан 140-тан астам адам зардап шеккен.

Қырғызстан астанасы Бішкек пен елдің өзге қалаларында еріктілер қақтығыстан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек ұйымдастырып, тұрғындар қан тапсырды.

Ал халықаралық Қызыл крест ұйымы 17 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасындағы әскери қимылдардың жандануына алаңдаушылық білдірді.

XS
SM
MD
LG