Accessibility links

Назарбаев туралы фильмге "елбасы" қоры тапсырыс бергенін ұлттық киноны қолдау орталығы растады


Америкалық режиссёр Оливер Стоун.
Америкалық режиссёр Оливер Стоун.

Америкалық режиссер, продюсер Оливер Стоунге Нұрсұлтан Назарбаев жайлы деректі фильм түсіру туралы тапсырысты "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қоры" берген. Ақпаратты ұлттық киноны қолдау орталығы "Власть" сайтына жіберген ресми сауалында растаған. Бұған дейін фильмге 7 млн доллар қаржы төленгені хабарланған еді.

Тамыз айында журналист Михаил Козачков фильм түсірілімі жайлы келісімнің көшірмесіне сүйене отырып, фильмге тапсырысты "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қоры" бергенін жазған. Келісім операторы – ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.

Ұлттық киноны қолдау орталығы "Власть" сайтына жіберген жауабында "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қорымен" 2019 жылдың 5 желтоқсанында келісім жасасқанын жазған.

Орталық қормен "Оливер Стоунның деректі фильмі – Қазақстан" атты уақытша атауы бар фильмді "түсіру, таныстыру және таратуды ұйымдастыру" бойынша қызмет көрсету туралы келісім жасасқан. Келісімнің жалпы құны – 2 712 360 000 теңге (немесе 7 млн доллар).

"Келісім-шартқа сәйкес, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ҰАҚ алдын ала төлем ретінде 1 937 400 теңге (немесе 5 млн доллар) алған. Аталған сома "Глобал 3 Пикчерз Инкорпорейтед" компаниясына төленген. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы осы компаниямен "Оливер Стоунның деректі фильмі – Қазақстан" атты уақытша атауы бар фильмді түсіру бойынша келісім жасасқан" деп жазылған ұлттық орталық хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы 12 тамызда бірінші президент қоры мен ұлттық орталық арасында келісім бұзылған. Келісім бойынша қалған міндеттерді "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" (былтыр "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қоры" жойылып, оның міндетін аталған қор атқара бастаған) өз мойнына алған.

Ал "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" басылым сұрағына жауап бермеген.

  • Былтыр бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында америкалық режиссер, продюсер Оливер Стоуннің Нұрсұлтан Назарбаев жайлы деректі фильмінің таныстырылымы өткен. Бұған дейін фильм авторы деректі фильмді кім қаржыландырғанын айтпаған.
  • Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбат формасында түсірілген фильмде Қазақстан қоғамын алаңдатқан өткір мәселелер қамтылмайды. Кейбір сыншылар мен белсенділер фильмді біржақтылығы үшін сынған.
  • Оливер Стоун бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин, Кубаның бұрынғы басшысы Фидель Кастро туралы деректі фильмдер түсірген. Әлемдегі диктаторлармен қарым-қатынас орнатқаны үшін де талай рет сынға ұшыраған.
  • Назарбаев тұсында Қазақстан сөз еркіндігі және демократияның дамуы бойынша әлемдік рейтингтерде үнемі соңғы орындарда тұрған. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, айналасындағы бірқатар адамдар биліктен шеттетіліп, кейбірі қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG