Қазақстан Украинадағы "референдумға" бақылаушы жіберген жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 29 қыркүйекте таңертең Азаттыққа осылай деп мәлімдеді.
"Қазақстан бақылаушы жіберген жоқ" деді министрлік өкілі.
Бұған дейін қазақстандық "Восток–Запад" геосаяси болжау халықаралық орталығы жеке қорының президенті Қарлығаш Нұғманова Facebook аккаунтында Украинаның Луганск, Донецк және Запорожье, Херсон облыстарының бір бөлігін Ресейге қосу туралы "референдумға" халықаралық бақылаушы ретінде қатысып жатқанын жазған. Аталған "референдумды" Киев пен халықаралық қауымдастық айыптап, нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.
Нұғыманова 27 қыркүйек күнгі жазбасында өзін "Мәскеуден арнайы бортпен ЛХР аумағына" (өзін республика жариялап алған Луганск халық республикасының тәуелсіздігін халықаралық қауымдастық мойындамаған) жеткізгенін жазған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бейсенбі күні Нұғыманованың қай ұйымның атынан барғанын білмейтінін, оның министрлікке қатысы жоғын айтты.
29 қыркүйекте Азаттық тілшісі Қарлығаш Нұғыманова жетекшілік ететін "Восток–Запад" геосаяси болжау халықаралық орталығы жеке қорына хабарласып көргенмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Аталған ұйымның ресми сайтында Қарлығаш Нұғыманованың "Восток–Запад" геосаяси болжау халықаралық орталығы жеке қорының президенті, Саяси зерттеулер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің директоры екені жазылған. Бұған қоса, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі екені де көрсетілген.
Украина шығысында Ресей жаулап алған аумақта псевдореферендумның өзі 23-27 қыркүйек аралығында өткен. Аймақтағы ресейшіл орталық сайлау комиссиясы "аймақтарды Ресейге қосуды тұрғындардың барлығы-дерлік қолдады" деп мәлімдеді. Оған халықаралық бақылаушылар қатысқан жоқ.
Осыған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстан бұл мәселеге мемлекеттің аумақтық тұтастығы тұрғысынан қарайтынын" айтқан.
ПІКІРЛЕР