Accessibility links

Украина: Лиманда бес мың орыс әскері қоршауда қалған болуы мүмкін


Украина билігі мен қарулы күштері қызу ұрыс жүріп жатқан Донецк облысының Лиман қаласында орыс әскерінің қоршауда қалғанын мәлімдеді.

Украина қарулы күштерінің "Восток" басқармасының өкілі Сергей Череватый Лиманда 5,5 мыңға дейін орыс жауынгері болғанын, алайда олардың кейбірі қоршаудан сытылып кеткен болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Луганск облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай Лиманда шамамен бес мың орыс жауынгері қалғанын жазды. Гайдайдың сөзіне қарағанда, олар "Ресей басшыларынан қаладан кетуге рұқсат сұраған, алайда рұқсат ала алмаған". Енді олардың алдында үш жол тұр: қоршаудан шығуға талпыну, өлу немесе берілу.

Сенбі күні әлеуметтік желілерде украин солдаттарының Лиманға кіреберісте тұрғаны жайлы видео жарияланды. Әзірге орыс әскерінің қаладан толық кеткені-кетпегені белгісіз.

Украина президенті Владимир Зеленский жуырда украин күштерінің Лиман бағытындағы соғыста жеңіске жеткенін растаған. Украин күштері Ямполь ауылын да орыс әскерінен азат еткен. Әлеуметтік желілерде украин жауынгерлерінің Лиман маңындағы елді мекендерді бақылауға алғаны жөнінде видеолар жарияланды.

Американың соғысты зерттеу институты украин күштері Лиманды 72 сағат ішінде бақылауға алады деп болжайды.

Украинадағы соғыстан ақпарат тарататын ресейлік телеграм-арналар да орыс әскерінің Лиманда күрделі жағдайға тап болғанын растайды. Олардың жазуынша, қала толық қоршалмаған, орыс әскері Лиманға баратын Торское елді мекенін бақылауда ұстап тұр. Сенбі күні Торское елді мекені үшін шайқас жүріп жатқаны хабарланды.

  • Лиман қаласын орыс әскері мамыр айында басып алған. Бұл маңызды темір жол торабы. Оны азат ету Украинаға Луганск облысының солтүстігі мен батысына шабуыл бастауға жол ашады. Украин күштері Харьков облысында қаланың солтүстік-шығысы мен солтүстігінде сәтті шабуылдардан кейін Лиманға бағыт алған.
  • Жұма күні Ресей басшысы Владимир Путин Украинаның төрт облысын аннексиялағанын жариялаған. Ол ресми түрде бекітілгеннен кейін Мәскеу Донецк облысын Лиманмен бірге өз аумағы ретінде атай бастайды.

Қарай отырыңыз: Лиманда не болып жатыр? (Настоящее время арнасының видеосы, орыс тілінде).

XS
SM
MD
LG