Accessibility links

СІМ Мария Захарованың Украина елшісіне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарованың бір күн бұрынғы Украина елшісіне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді. 4 қазанда ресейлік ТАСС агенттігі Ресей СІМ-нің Қазақстанға Украина елшісі Петр Врублевскийдің "қызметінен алынбағанына" наразылық білдіргенін жазған.

"Біздің ойымызша, бұл Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктестер ретіндегі одақтастыққа қатынастар сипатына қайшы келетінін атап өткім келеді" деді Захарованың мәлімдемесіне түсініктеме берген Айбек Смадияров 5 қазанда ақпарат құралдарына.

Қазақстан СІМ бұған дейін "Врублевский мырзаның арандатушылық мінез-құлқына қатысты принципті ұстанымын" жеткізді деген Смадияров Украина тарабынан Врублевскийдің орнына "жаңа елші тағайындау туралы өтініш" келіп түскенін айтты.

"Қазіргі уақытта Украина СІМ министрлігінен жаңа елші тағайындау туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініш қаралып жатыр. Украина тарабымен осы мәселе бойынша бізде толық түсіністік бар және екі жақтан да барлық келісімдер орындалды" деді Айбек Смадияров.

Ол Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің елде "жағымсыз мәртебесі" бар екенін айтып, сыртқы істер министрлігі немесе өзге мемлекеттік мекемелерде онымен кездесу жоспарланбағанын айтты. Смадияров Врублевскийдің Украина жағының өтініші бойынша қызметінен кететінін айтты.

Бір күн бұрын ТАСС агенттігі Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақырып, Украина елшісі Петр Врублевскийдің "қызметінен алынбағанына" наразылық білдіргенін жазған.

"Ол ештеңеден ықпай, дипмиссия басшысы ретінде дипломатиялық қабылдауларға барып жүр. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев 4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған мұндай жайтқа түпкілікті түрде жол бермеу туралы айтылды" деген еді Мария Захарова.

Айбек Смадияров өз кезегінде Ресейдің Қазақстандағы елшісі де Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шақырылып, аталған мәселені бүгін (5 қазан) талқылайтынын жеткізді. "Басты мәселе РФ сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің мәлімдемесі және Ресей тарабының Украина елшісіне қатысты талаптары талқыланады" деді.

Қазақстан СІМ тамыз айында Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің ресейліктер мен соғыс жайлы айтқан пікіріне қарсылық білдірген еді. Сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдеме шетел елшісінің қызметіне лайықсыз және орынсыз деп есептейтінін жеткізген. Кейін Врублевскийдің Қазақстаннан кеткені хабарланған. Бірақ оның елден кетуінің себебі айтылмады.

Елшінің Қазақстанға қашан келгені туралы ақпарат жоқ.

Ресей ақпан айында Украинаға басып кірген. Содан бері екі жақтан да мыңдаған адам қаза болды. Қыркүйек соңында Путин Украинаның төрт облысын аннексиялағаны туралы мәлімдеген. Ал Украина мен халықаралық қауымдастық Ресейдің әрекетін айыптап, Украинаның Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарын Украина аймағы ретіде тани беретінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG