Accessibility links

Ресейде "адам төзгісіз жағдайға" шыдамаған жүздеген жауынгер пойыздан түсіп қалды


Мобилизацияға алынған азаматтар. Ресей, қыркүйек, 2022 жыл.
Мобилизацияға алынған азаматтар. Ресей, қыркүйек, 2022 жыл.

Украинадағы соғысқа жіберу үшін әскерге алынған бес жүзге жуық ресейлік сарбаз видеомәлімдеме жазып, Ресей аумағында оларды жинаған жердегі жағдай "адам төзгісіз" екенін мәлімдеді.

Бұл видео сәрсенбі күні кешке әлеуметтік желілерде тарады. Видеоны түсірген адам қару ұстаған бір топ сарбаздың алдында тұрып сөйледі. Оның айтуынша, бұлардың бәрі Белгород түбінде пойыздан түсіп қалған. Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң әскерге алынғандар ешқандай әскери бөлімге тіркелмегенін, оларды қайда алып бара жатқанын білмейтінін, тамақты да өз ақшасына сатып алып жүргенін мәлімдеді.

Видеоның нақты қай жерде, қай уақытта түсірілгені әзірге белгісіз. Азаттықтың Орыс қызметінің журналисі Марк Крутов видеодағы бір сарбаз бұған дейін тараған бір видеоға түскенін анықтаған. Онда ол басқа бір жердегі адам төзгісіз жағдайға шағымданған.

Бұған қоса, журналист мәліметінше, мәскеулік Сергей Сурков апта бұрын Белгород түбінде армиядағы проблемалар туралы видео түсірген. Сапта тұрған сарбаз арасында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының белгісі басылған киім киген бір адамды байқауға болады. "Вагнерді" Ресей президенті Владимир Путинге жақындығы бар кәсіпкер Евгений Пригожин құрған. Кейінгі кезде Пригожин Ресей қорғаныс министрлігінің жоғары лауазым иелерін қатты сынап жүр. Пригожин Кремль тапсырмасын орындайды деген болжам бар.

Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң әскер сапына алынғандар армиядағы жағдайдың ауыр екені туралы жиі мәлімдеп жүр. Олардың еденде ұйықтайтыны, жиі тамақсыз қалатыны, медициналық тексеруден өтпегені мәлім. Осындай жағдай Омбы, Волгоград, Киров, Свердлов және Сахалин облыстарында, Чувашия мен Мәскеу маңында болған.

Түрлі аймақтардың биліктері мәселені тез арада шешуге уәде беріп, олардың отбасыларына бір реттік төлемақы беретінін мәлімдеген. Мәселен, Сахалин облысы билігінің мәлімдеуінше, соғысқа кеткен сарбаздың туыстары 5 келі балық тегін ала алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG