Accessibility links

Құқық қорғаушылар Батыс елдерін Астананы Қаңтар оқиғасын халықаралық зерттеуге көндіруге шақырды


Күштік құрылым өкілдері алаңнан наразыларды қуып жатыр. Алматы, 4 қаңтар 2022 жыл.
Күштік құрылым өкілдері алаңнан наразыларды қуып жатыр. Алматы, 4 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйым өкілдері АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ және Канаданы Астанаға қысым жасап, кемінде 238 адамның өмірін қиған қайғылы Қаңтар қырғынын халықаралық дәрежеде тәуелсіз зерттеуге көндіруге үндеді.

Құқық қорғаушылар мәлімдемесі Ақорда бастамасымен Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң жобасы парламентте талқыланған шақта жарияланды. Бұған дейін қоғамда заң жобасын қазіргідей күйде қабылдау Қаңтар кезінде бейбіт азаматтарға оқ атқандарға жауаптан жалтаруға мүмкіндік береді деген күдік айтылған. Заң жобасына сәйкес, "кездейсоқ жағдайда" немесе "қорғану мақсатында" "оқ атқан", "қылмыс жасандарды ұстау кезінде шара қолданған" күштік құрылым өкілдеріне амнистия қолданылуы мүмкін.

Qaharman құқық қорғау тобы, "405" құқық қорғау қозғалысы, Veritas, Elim-ay, Femina Virtute, Bostandyq Kz және "Ашық диалог" қоры өкілдері қол қойған мәлімдемеде он ай ішінде биліктің адам өлтіру мен азаптау фактілерін "объективті әрі ашық" жүргізбегені жазылған. Құқық қорғаушылар батыс елдері үкіметтерін Қазақстан билігіне қысым жасап, тәуелсіз халықаралық зерттеу жүргізіп, бейбіт азаматтардың өліміне, азаптауға кінәлілерді жауапқа тартуға көмектесуге үндеген.

Рақымшылық туралы заң жобасына сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады. Заң жобасы бойынша, "ауыр қылмыс жасағандардың жазасының төрттен үші, ерекше ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімінің жартысы қысқартылады".

"Амнистияны гуманизм актісі ретінде көрсетуге тырысқан билік бейбіт азаматтарға оқ атқан, оларды азаптағандарға рақымшылық жарияламақшы, ал бейбіт наразылар, құқық қорғаушылар мен белсенділерге – кінәсіз, заңсыз сотталғандар мен қудаланғандарға саяси қудалауды жалғастырмақшы" деп жазылған топ мәлімдемесінде.

Қаңтар оқиғасы кезінде мыңнан астам адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" және өзге қылмыстар бойынша күдікке ілініп, қамалды. Жүздеген адам полицейлердің азаптауы-қорлауына шағымданды.

Құқық қорғаушылар азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар мен бейбіт наразылар айыпталушыға айналды деп санайды.

"Билік адам азаптаған қызметкерлер амнистияға ілінбейді десе де, іс жүзінде бірде-бір қызметкер жауапқа тартылған жоқ. Бұған қоса, азаптау бойынша қозғалған қылмыстық істерді амнистияға ілінетін баптарға ауыстыра салуы мүмкін" деп жазылған құқық қорғаушылар мәлімдемесінде.

Қазан айының басында АҚШ сенатының депутаттары Ақ үйді Қаңтар оқиғасын тергеуге үндеген. Олар "Қазақстанның күштік құрылымдарының бейбіт наразылар мен азаматтар, ұсталғандарға күш қолдануын зерттеу бойынша халықаралық талпынысты қолдауға" шақырған.

Құқық қорғаушылар Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшылар тартуға бірнеше рет үндеген. Бұған қоса, Қаңтарда қаза болғандар туралы толық ақпаратты жариялауды да талап еткен.

XS
SM
MD
LG